«Эйр Астана» Делиге қатынайтын рейстер жиілігін ұлғайтады
АЛМАТЫ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуе компаниясы 21 тамыздан бастап Алматыдан Делиге сейсенбі мен жұма күндері де әуе байланысын орнатпақ.
Бұған дейін ұлттық тасымалдаушы компанияы Үндістан астанасына дүйсенбі, сәрсенбі және жексенбі күндері әуе рейстрін жасап келген болатын. Енді Делиге 132 орындық эконом-кластық және 16 орындық бизнес-класты салоны бар «Эйрбас-320» қатынайды. Ұшу уақытының ұзақтығы 3 сағат 45 минутты құрайды.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы-Дели рейсі жиілігінің ұлғаюы Қазақстан мен Үндістан арасындағы қаржы және экономикалық қатынастардың кеңеюіне септігін тигізеді және сапарларға деген өзара сұранысты қанағаттандырады. Жалпы «Эйр Астана» Алматы-Дели бағытындағы әуе рейсін 2004 жылдың 4 қыркүйегінде ашқан болатын. Содан бері олар 200 мыңдай жолаушы тасымалдаған.
«Дели әлемнің ең қарқынды дамушы экономикалық және мәдени қалалардың бірі. Оның танымалдығы туристер мен бизнесмендер арасында жыл сайын өсіп келеді. Жаңа рейс жолаушыларға Қазақстан бойынша, Орталық Азияға, Кавказға, Ресейдің оңтүстігіне және Қытайға ыңғайлы түйісу рейстер арқылы саяхат жасауға мүмкіндік береді», - дейді «Эйр Астана» АҚ-ның Сатулар және маркетинг жөніндегі вице-президенті Ибрахим Жанлыел.