16:41, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
ЭЫҰ елдерінің бірегей георафиялық жағдайы энергетикалық және көліктік ынтымақтастық жүйесін дамытуда күш-жігерді одан әрі белсендіруді қажет етеді ? К. Мәсімов
ТЕГРАН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өңірлік энергетика саласындағы өзара іс-қимылында әлі пайдаланылмаған ірі әлеуеттің барымен келіседі. Бүгін Тегранда өткен ЭЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және үкімет басшыларының 10-шы саммитінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы орайда Премьер-Министр Ұйым елдерінің бірегей георафиялық жағдайы энергетикалық және көліктік ынтымақтастық жүйесін дамытуда күш-жігерді одан әрі белсендіруді қажет ететінін атап көрсетті. «Біздің ел Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 2015 жылғы перспективаға дейінгі бағдарламалық құжатын жүзеге асыруды жақтайды, - деді Қазақстан Үкіметінің басшысы. - Бұл құжатта Ұйым аймағында энергожүйенің қатарласа жұмыс жасауы, электр энергиясын айырбастау мен сату мәселелері қамтылған». ҚР Премьер-Министрі сонымен қатар өз сөзінде Қазақстан Ұйымның жеке секторды белсендіру бағдарламасын қолдайтынын атап өтті. «Қазақстан мұндай қызметті қолдайды. Осыған байланысты Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің бизнес форумын өткізу назар аударуға тұрарлық мәселе. Бұл Ұйымның жеке секторлары арасындағы байланыстарды жақсарта түскен болар еді», деді ол.