F-35 сатылымы, инвестиция, Хашогги ісі: Трамп пен Сауд Арабиясының ханзадасы нені талқылады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманды Ақ үйде салтанатпен қарсы алды. Доғал кабинетте тақ мұрагеріне Сауд Арабиясынан шыққан америкалық журналист Джамаль Хашоггидің өліміне қатысты сұрақтар қойылды, бірақ Трамп ханзаданың бұл туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
Хашоггидің өлтірілуі
Бұл Мұхаммед бен Салманның 2018 жылдан бері АҚШ-қа алғашқы сапары. Ол кезде тақ мұрагері АҚШ-та үш аптаға жуық уақыт өткізіп, көптеген саясаткерлермен және қоғам қайраткерлерімен кездесті.
Ал сол жылдың қазан айында Сауд Арабиясының АҚШ-та тұратын оппозициялық қайраткері және Washington Post газетінің тілшісі Джамаль Хашогги Сауд Арабиясының Ыстанбұлдағы консулдығында өлтірілді.
АҚШ барлау қызметі кейінірек Мұхаммед бен Салман бұл қылмысқа рұқсат берген деген қорытындыға келді. Оның өзі Хашоггидің жоспарланған өлтірілуі туралы білмегенін мәлімдеді, бірақ мемлекеттің іс жүзіндегі басшысы ретінде ол үшін жауапкершілікті мойындап, кісі өлтіруді «үлкен қателік» деп атады.
Ақ үйдегі баспасөз конференциясы кезінде Трамп ABC тілшісінің Хашоггидің өлтірілуі туралы сұрағына жауап ретінде Сауд ханзадасын қорғады.
- Сіз өте даулы адам туралы айтып отырсыз. Сіз айтып отырған бұл мырзаны көп адам ұнатқан жоқ. Сізге ол ұнаса да, ұнамаса да, кез келген нәрсе болуы мүмкін. Алайда ол (тақ мұрагері) бұл туралы ештеңе білмеген (…) Біздің қонақтарымызды ыңғайсыз жағдайға қалдырудың қажеті жоқ, - деді АҚШ президенті.
F-35 сатылымы
Кейінірек Ақ үй Сауд Арабиясымен азаматтық атом энергетикасын дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылғанын және президенттің өзі корольдікке болашақта F-35 жойғыш ұшақтарын жеткізуді қамтитын «ірі қорғаныс-экспорттық пакетін» мақұлдағанын хабарлады.
АҚШ-та кейбір әскери шенеуніктер әлемдегі ең озық деп саналатын бұл ұшақтар арқылы Сауд Арабиясы жасырын технологияларға қол жеткізіп, оны серіктесі Қытаймен бөліседі деп алаңдайды.
Израильде кейбір ресми тұлғалар Сауд Арабиясына F-35 сату Израильдің аймақтағы барлық басқа елдерден әскери тұрғыдан жоғары ел ретіндегі позициясына нұқсан келтіреді деп мәлімдейді. Қазіргі уақытта Таяу Шығыста бұл ұшақтар тек Израильде бар.
Трамп сейсенбіде Сауд Арабиясы билеушісімен кездесуіне дейін Сауд Арабиясы – «Америка Құрама Штаттарының ұлы одақтасы» болғандықтан оған бұл ұшақтарды сататынын сенімді түрде мәлімдеді.
АҚШ-тың НАТО-дан тыс маңызды одақтасы
Кездесуден кейін америкалық көшбасшы Эр-Риядты НАТО-дан тыс маңызды одақтасы деп жариялады.
- Сауд Арабиясын НАТО-ға кірмейтін маңызды одақтас ретінде ресми түрде белгілеу арқылы әскери ынтымақтастығымызды одан да жоғары деңгейге көтеріп жатқанымызды хабарлауға қуаныштымын, - деді Трамп.
Бұдан басқа, Ақ үйдегі кездесуден кейін АҚШ пен Сауд Арабиясы азаматтық ядролық энергетика, маңызды минералдар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды.
Өз кезегінде Сауд Арабиясы АҚШ-қа салатын инвестиция көлемін шамамен 1 трлн долларға дейін арттыруға уәде берді.
Еске сала кетсек, мамыр айында АҚШ пен Сауд Арабиясы қорғаныс саласында 142 млрд долларлық келісімге қол қойды.