Ferrari Таяу Шығысқа көлік жеткізуді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Италиялық Ferrari автоконцерні аймақтағы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Таяу Шығысқа теңіз арқылы көлік жөнелтуді уақытша тоқтатты.
Milano Finanza агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Иран төңірегіндегі әскери шиеленістерден туындайтын тәуекелдердің артуына байланысты болды.
Сонымен қатар, компанияда тапсырыстардың айтарлықтай портфелі бар, бұл оларға жеткізілімдерді басқа нарықтарға ішінара қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Белгілі болғандай, кейбір автокөліктер әуе арқылы жеткізіледі.
2025 жылғы деректерге сәйкес, Таяу Шығыста брендтің шамамен 600 люкс спорттық көлігі сатылды. Жеткізу тоқтатылғаны туралы хабардан кейін Ferrari акциялары шамамен 4%-ға төмендеді.
Айта кетейік, Nissan Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты автокөлік өндірісін қысқартады. Қысқарту Nissan X-Trail (кей елдерде Rogue атауымен сатылады) және Nissan Serena модельдеріне қатысты. Ал Nissan Shatai Kyushu Co. зауытында шығарылатын жол талғамайтын үлкен Nissan Patrol моделінің өндірісі өзгеріссіз қалады.