Филиппинде «Фунг-Вонг» супертайфуны салдарынан миллионға жуық адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппин аралдары биылғы ең қуатты «Калмаэгиден» кейін тағы бір жойқын табиғи апат — «Фунг-Вонг» супертайфунының соққысына тап болды, деп хабарлайды Euronews.
Қауіпсіздік мақсатында ел билігі миллионға жуық адамды эвакуациялауға шешім қабылдады. Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркос елде төтенше жағдай жариялады. Бірқатар провинцияларда жарық өшіріліп, мектептер мен теңіз порттарының жұмысы уақытша тоқтатылды.
«Фунг-Вонг» архипелагқа солтүстік-шығыстан жетіп, сағатына 185 км жылдамдықпен, екпіні 230 км/сағ дейін жететін желмен соққан. Филиппин заңнамасы бойынша желдің осындай күшімен соғатын тропикалық циклондар «супертайфун» санатына жатады.
Елдің қорғаныс министрі кіші Гилберто Теодоро тұрғындарға дереу эвакуациялану туралы ескерту жасады. Оның айтуынша, «Фунг-Вонг» салдарынан кенет су тасқыны, көшкін және жағалаудағы толқындар қаупі бар.
Супертайфунның ықпалы Себу провинциясына, сондай-ақ ел астанасы Манилаға дейін жетуі мүмкін. Бұл өңірлерде миллиондаған адам тұрады және негізгі үкіметтік, қаржылық орталықтар орналасқан.
Филиппиннің азаматтық қорғаныс басқармасының дерегінше, «Фунг-Вонгтың» әсерінен 30 миллионнан астам адам қауіп аймағында қалуы ықтимал.
Апта соңында және дүйсенбі күні 325 ішкі және 61 халықаралық рейс кейінге қалдырылды. Сонымен қатар 6 600-ден астам жолаушы мен теңіз қызметкерлері теңіз порттарында қалып қойды — жағалау күзеті кемелерге теңізге шығуға тыйым салған.
Еске салайық, бұған дейін Филиппинде «Калмаэги» тайфуны салдарынан 200-ден астам адам қаза тапқан болатын.