Филиппинде «Калмаеги» тайфунынан қаза тапқандар саны артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппинде табиғи апат салдарынан кем дегенде 140 адам қаза тауып, тағы 127 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды DW.
«Калмаеги» тайфуны үлкен қиратуларға әкеліп, биыл аймаққа соққы берген ең күшті тайфундардың біріне айналды.
Төтенше жағдайлар ведомствосының хабарлауынша, апат салдарынан зардап шеккен аймақтарды зерттеп жүрген әскери тікұшақ апатынан алты адам қаза тапты.
Қалған адамдар су тасқыны, ағаштардың құлауы және ғимараттардың опырылуының құрбаны болды. 430 мыңнан астам адам үйлерінен кетуге мәжбүр болды.
Апат елдің ең ірі арал топтары – Лусон, Висаяс және Минданаодағы 24 провинцияға әсер етті. Көптеген аудандарда электр қуаты үзіліп, ондаған рейс тоқтатылды.
5 қарашада Филиппинге соққан тайфун күшті жел, нөсер жаңбыр және үлкен толқындармен қатар жүрді. Филиппиндік Pagasa метеоқызметінің мәліметінше, дауыл әлсіреген, бірақ желдің екпіні сағатына шамамен 180 шақырымға жетіп отыр.
Көптеген елді мекендерде көшелер толығымен су астында қалды, көліктер шайылып кетті немесе аударылып қалды, ал тұрғындар қауіпсіздік үшін шатырларға шығуға мәжбүр болды.
Синоптиктердің мәліметінше, Филиппинде «Тино» атауымен белгілі «Калмаеги» құрлыққа жеті рет жетті, соңғысы таңертең Палаван провинциясының батысындағы Эль-Нидо қаласында болды.
Тайфун сәрсенбі немесе бейсенбі күндері елден шығып, Вьетнамға қарай бет алады деп күтіліп отыр. Демалыс күндері Тайландтың солтүстігінде қатты жаңбыр жауатыны болжанды.
Осы арада метеорологтардың мәліметінше Филиппинге жаңа тропикалық циклон жақындап келеді. Ол жұма немесе сенбі күндері жағалауға жетіп, демалыс күндері сағатына кемінде 240 шақырым жылдамдықпен соғатын аса қуатты тропикалық дауылға айналуы мүмкін.
Филиппиндер жыл сайын шамамен 20 тайфуннан зардап шегеді. Олардың ішіндегі ең жойқын тайфун «Хайян» 2013 жылдың қарашасында 6300-ден астам адамның өмірін қиды.
Мемлекет басшысы 5 қараша күні Филиппин Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.