Финляндияда дирижер құны 1 млн еуро болатын скрипканы құлатып алды

АСТАНА. KAZINFORM – Финляндияның Лахти қаласында өткен концерт кезінде дирижер Мэтью Холлс байқаусызда скрипкашы Элина Вяхяляның қолынан құны шамамен 1 млн еуро тұратын аспапты қағып жіберді, деп хабарлайды DW.

в
Фото: DW

Оқиға симфониялық концерт барысында болған. Дирижер қолын сермеген сәтте скрипка солистің иығынан асып түсіп, еденге құлаған.

БАҚ мәліметінше, бұл XVIII ғасырда италиялық шебер Джованни Батиста Гваданини жасаған бағалы скрипка.

Аспап құлағаннан кейін оркестр қысқа уақытқа тоқтап, кейін концерт жалғасқан.

Келесі күні скрипка тексерілген соң, музыкант аспаптың айтарлықтай зақымданбағанын айтты.

– Скрипканың бір жігі ғана ажырап кеткен, оны тез қалпына келтіруге болды. Жарық та, сызат та жоқ, – деді Элина Вяхяля.

Оның айтуынша, ол құлап бара жатқан аспапты аяғымен іліп, соққыны жұмсартқан.

– Бәлкім, мен ниндзя шығармын, – деп әзілдеді музыкант.

Скрипкашы дирижердің кінәсі жоқ екенін де атап өтті.

Айта кетейік, Токиода Страдиваридің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұрланған скрипкасы табылды.