Fitch Ratings агенттігі Отбасы банкінің рейтингін BBB деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты»
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық Fitch Ratings рейтингтік агенттігі Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық валютадағы эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингін «BBB» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».
Рейтингтің расталуы банктің қаржылық жағдайының орнықтылығын, активтер сапасының жоғарылығын, тұрақты қорландыру базасын және Қазақстандағы тұрғын үй қаржыландыру жүйесін дамытудағы жүйеқұраушы рөлін көрсетеді.
— Қазіргі таңда Отбасы банкінде 4 миллионнан астам депозит ашылған. Олардың әрқайсысының артында өз баспанасына қол жеткізуді мақсат еткен қазақстандық отбасылардың сенімі тұр. Біз үшін Fitch рейтингі — банктің қаржылық тұрақтылығының, бизнес-моделіміздің тиімділігінің және салымшылар тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің тәуелсіз халықаралық растауы. Ұлттық даму институты ретінде біз тек қаржылық міндеттерді ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйді ашық әрі әділ бөлуді қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік миссияны да атқарып келеміз. Процестерді цифрландырудың арқасында соңғы бір жылда тұрғын үйді бөлу көлемі үш есеге артты, ал тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 21 906 азамат қоныс тойын атап өтті, — деді Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Отбасы банкінде 485 252 қазақстандық жаңа депозит ашты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға көп.
Жаңа салымшылар санының өсуі болашақта Отбасы банкінде жинақталған қаражаттың қазақстандықтарға жылдық 3,5%-дан бастап (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) қолжетімді мөлшерлемемен ипотека алуға мүмкіндік беруімен байланысты.
Банктің халықтың ұзақ мерзімді салымдарындағы үлесі 39% құрайды. Клиенттердің жинақ шоттарында 3,3 трлн теңге жиналған.
Отбасы банкінің көмегімен күн сайын 320 қазақстандық тұрғын үй заемын алып, қоныс тойын тойлауда. Елдегі ипотекалық портфельдегі банктің үлесі 55% құрайды. Жыл басынан бері 43687 қолжетімді заем берілді.
Банк сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арасында кредиттік портфель сапасы бойынша үздік көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі (NPL 90+) — 0,14%, ал банк секторындағы орташа көрсеткіш 4,19% деңгейінде.
Отбасы банк активтері бойынша 4-орынға көтерілді. Сонымен қатар, меншікті капиталы бойынша қазақстандық екінші деңгейлі банктер арасында 6-орында тұр.
Бүгінде Отбасы банкінің қолдауы мен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің сенімділігінің арқасында 679 644 қазақстандық отбасы өз баспанасында тұрып жатыр.