Физика, химия мамандықтарын ақылы негізде оқып жатқан студенттердің мемлекеттік білім грантын алуға мүмкіндігі бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Физика, химия мамандықтарын ақылы негізде оқып жатқан студенттердің мемлекеттік білім грантын алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Еркін Әбіл мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі - мемлекет тарабынан физика, химия, информатика және биология мамандықтарына 1 мың грант ағылшын тілінде оқытуға бөлінді. Оның ішінде 253 талапкер грант алды. Ал қалған 747 грант қазір ақылы түрде оқып жатқан, 3 курсқа көшкен студенттерге конкурстық негізде, ағылшын тілінен емтихан тапсырған жағдайда беріледі», - деді ол.
Жалпы оның айтуынша, ағымдағы жылы білім гранттарын тағайындау барысында педагогикалық мамандықтарға конкурс жоғары болған әрі бұл мамандықтарға құжат тапсырған «Алтын белгі» иегерлерінің саны да арта түскен.
«Мәселен шет тілдеріне 278, математикаға 96 «Алтын белгі» иегері құжат өткізді. Олардың тарабынан қазақ тілі мен әдебиеті, химия, физика, биология мамандықтарына да сұраныс жоғары болды. Биыл педагогикалық мамандықтарға конкурс 1 орынға 3 талапкерден келді», - деді Еркін Әбіл.
Ректордың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру, информатика, әлеуметтік педагогика сынды мамандықтарға конкурс төмен тіркелді.
«Мәселен қазақ бөліміне мектепке дейінгі білім беру мамандығына 1 орынға 2 талапкер болса, орыс бөлімінде 1 орынға бір талапкер ғана болды», - деді ол.