Фотографтар күні: бір кадрдың артында қанша еңбек бар
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін 19 тамыз – Дүниежүзілік фотография күні. Осы күнге орай Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында фотографияның қыр-сыры, табиғат түсірілімінің ерекшелігі сөз болды.
Бүгінде смартфонды қолға алып, бір сәтте ондаған сурет түсіру қалыпты жағдай. Ал фотографияның алғашқы кезеңінде бір ғана кадрды түсіру үшін бірнеше сағат, тіпті күндер қажет болған. Мәселен француз өнертапқышы Жозеф Ньепстің 1826 жылы түсірген «Ле Грастағы терезеден көрініс» атты еңбегін жасауға бірнеше сағат кеткен. Содан бері технология түбегейлі өзгергенімен, фотографтың басты міндеті өзгерген жоқ, яғни өзгелер байқамай қалған сәтті көріп, оны тарих үшін сақтап қалу.
Осындай фотографтардың бірі – National Geographic Qazaqstan журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов. Оның фотографияға қызығушылығы бала кезінен басталған. Кеңес дәуірінде «Смена-8» фотоаппаратын алып, пленкамен жұмыс істеген.
– Бала кезімнен фотоаппараттарды көріп өстім. 7-8 сыныпта оқып жүрген кезімде ата-анама айтып, "Смена-8" фотоаппаратын алғыздым. Ол кезде пленка болатын, бір пленкаға небәрі 36 кадр сыятын. Сондықтан әр кадрды үнемдеп түсіретінбіз. Пленканы түсіріп болғаннан кейін қараңғы бөлмеде арнайы құрылғы арқылы фотосуретті шығаратынбыз. Сол әуесқойлық кейін кәсіби мамандығыма айналды, – деді фотограф.
Шадраховтың айтуынша, фотоаппараттың техникалық мүмкіндігі қанша дамығанымен, жақсы кадрдың негізінде фотографтың көзі мен талғамы тұрады.
– Фотографияның жанры көп. Портрет, жанрлық фото, репортаж, табиғат, аң-құсты түсіру сияқты бағыттар бар. Бірақ қай жанрда да бәрі адамның көзіне, композицияға келіп тіреледі. Егер композиция дұрыс болса, көз оны жақсы қабылдайды. Сонымен бірге сурет техникалық жағынан да мінсіз болуы керек. Композиция мен техникалық талап қатар сақталғанда ғана фото көркем шығады», – деді ол.
Фотографтың негізгі кәсіби бағыты – табиғат пен жабайы жануарларды түсіру. Ол Маңғыстау мен Үстіртке жиі барып, Қазақстанның табиғи көріністерін таспаға түсіреді. Оның айтуынша, Үстірттегі Қарынжарық ерекше әсер қалдырған орындардың бірі.
– Маңғыстауға, Үстіртке жиі барамын. Үстіртте Қарынжарық деген өте әдемі жер бар. Сол жақтан түсірген бір кадрым өзіме әлі күнге дейін ең жылы кадрлардың бірі. Жұмыс барысында әртүрлі жанрда түсіргеніммен, негізгі кәсібім – аң-құс және табиғат фотографиясы, – деді Ерболат Шадрахов.
Маманның айтуынша, таңғы және кешкі мезгіл табиғатты түсіруге қолайлы уақыт саналады. Шадраховтың өзі де тауда түсірілім кезінде қиын жағдайға тап болған.
– Табиғатқа, әсіресе тауға шыққанда міндетті түрде дайындалып бару керек. Бір жолы экспедиция кезінде әріптестерімнің бәрі төмен түсіп кетті де, мен тауда қалып қойдым. Қараңғы түсіп кеткен еді. Қазір технологияның арқасында жүрген жолымызды телефонға немесе GPS сағатқа белгілеп отырамыз. Сол бағытпен қайта келдім. Төмендегілер мені адасып кетті деп ойлап, қатты уайымдаған екен, – деді фотограф.
Ол Қазақстанда табиғат фотографиясы үшін мүмкіндігі мол бірнеше өңірді де атап өтті. Оның ішінде Батыс Қазақстандағы Бозжыра шатқалы, Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай және Алматы облысының табиғи аймақтары бар.
– Бозжыра шатқалы түсірілім мен композиция жағынан өте қолайлы. Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағайда көлдер мен мұздықтар бар. Ал Алматы облысында таудан бастап көлге дейін, шөл, дала, өзен сияқты табиғи аймақтардың бәрін кездестіруге болады. Сондықтан ең көркем өңірлердің бірі деп Алматы облысын айтар едім, – деді ол.
Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар фотографияның мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Алайда кадрдың құндылығы оның техникалық сапасымен ғана өлшенбейді. Кейде бір ғана сурет уақыт тынысын, адамның көңіл күйін немесе тұтас оқиғаның мағынасын сақтап қалмақ.
Айта кетейік, бұған дейін, фотографтардың басты табыс көзі жайлы жазған едік.