16:31, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Франция депутаттары Қазақстанның демократиялық даму жолындағы ізгі қадамдарын қолдайтындарын жеткізді
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Қазақстан-Франция» ынтымақтастық тобының жетекшісі Жәнібек Кәрібжанов бастаған парламенттік делегация Франция еліне іссапармен барып келді.
Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов пен Сансызбай Есілов болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Францияның Ұлттық Ассамблеясында Қазақстан парламентшілерін Франция Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Бернар Аккуайе қабылдады. Кездесу барысында Тараптар екі жақты парламентаралық байланыстардың бүгінгі жай-күйі мен келешегі жайлы ой қозғады. Бұл жүздесуге Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Мұрат Тәшібаев және ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов қатысты. Қазақстан парламентшілерінің делегациясы Франция Республикасы Ұлттық Ассамблеясы төрағасының Марк Лафинермен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Франция Парламенті делегациясының жетекшісі Мишель Вуазенмен, Франция Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Аксель Понятовскиймен, депутат Тьери Мариани бастаған «Франция-Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшелерімен кездесті. Франциялық тарап Қазақстанның келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне үлкен мән беріп отырғандарын, қазақ елінің демократиялық даму жолындағы ізгі қадамдарын қолдайтындарын жеткізді. Парламентшілер арасында екі жақты және көп жақты тұрғыда қазақстандық-франциялық қарым-қатынастың барлық салаларына қатысты пікір алмасты. Соның ішінде Қазақстан мен Франция мемлекеттерінің жоғарғы заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту және екі елдің көшбасшы партиялары мен олардың парламенттік фракциялары арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты дамыту мәселелері қозғалды. Франция Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Б. Аккуайе мен француз депутаттары арнайы шақырумен үкіметтік сағатқа қатысқан қазақстандық парламентшілерді қошаметпен қабыл алды. Бұл жолы Үкімет сағатының тақырыбы әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі Францияның Министрлер кабинетінің экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жасап жатқан іс-шараларын талқылауға арналған мәселелерді қамтыды. Қазақстандық делегация Франция Премьер-министрі жанындағы экономиканы жеделдету жоспарын енгізу жөніндегі министрі Патрик Деведжянмен кездесті. Қазақстандық парламентшілерді Францияның министрі дағдарысқа қарсы шаралармен таныстырып, ел Президенті мен Премьер-Министрі соған арнап бюджеттен 26 миллиард еуро бөлінгенін айтып, өз пікірімен бөлісті. Осы сапарда ҚР Парламенті Мәжілісінің делегациясы Франция Үкіметінің Мемлекеттік хатшысының Ұлттық Ассамблеясы бойынша орынбасары Эрик Тьермен кездесті. Француз компанияларының мониторингі мен консалтингімен айналысатын UBIFRANCE компаниясының президенті Алан Кузен депутаттармен кездесуінде Қазақстандағы француз компанияларының өкілдерімен байланыстарын ерекше атап өтті.Ресми сапар шеңберінде Францияның Президенті Николя Саркозидің бастамасымен және Франциядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен «Қазақстан ? Еуропадағы стратегиялық әріптес» деген атпен Форум өтті. Достық тобының жетекшілері Ж.Кәрібжанов пен Т.Мариани беташар сөз сөйледі. Үш секциядан тұратын форум барысында Мәжіліс депутаттары Қ.Жақыпов пен С.Есілов екі жақты қарым-қатынастарға тоқталып, Қазақстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайымен таныстырып, еліміздің еуропалық елдермен әр саладағы, соның ішінде Француз Республикасы арасындағы байланыстарының дамуына тоқталды.Франция тарабы өз сөздерінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстан-француз қарым-қатынасының дамуы жолында сіңіріп отырған еңбегін айырықша атап өтті. Олар сонымен бірге биылғы жылдың маусым айында Франция Республикасының Президенті Н.Саркозидің Қазақстан Республикасына жасайтын ресми сапары екі жақты байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатынына сеніммен қарайтындарын жеткізді.Екі мемлекеттің парламентшілері, мемлекеттік ұйымдар мен іскер топ өкілдері бір-бірімен қазақстан-француз, қазақстан-еуропа қарым-қатынастары жайында, экономика, сауда, технологиялық трансферттер, білім беру салалары бойынша мәселелерді дамыту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ «Еуропаға жол» атты мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша еуропалық тәжірибенің озық үлгілерін пайдалана отырып, Қазақстан заңдарын жетілдіру жөніндегі ойларды ортаға салды.Қазақстан парламентшілері Мониторинг және стратегиялық консалтингінің еуропалық компаниясының президенті Олевье Дарразонмен жүздесіп, осы компанияның қызметімен танысты. Аталмыш компания халықаралық кәсіпкерлікті дамыту, әлем бойынша әріптестерді табу мен сараптау, нарықты зерделеу, геостратегиялық зерттеу, кәсіпорындардың сенімділігін тексеру және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерімен айналысады.Осы сапар аясында Тулуза қаласында Қазақстан парламентшілері әлем бойынша авиаиндустрия саласындағы алып өндіруші «Airbus» компаниясының және ғарыш саласында Еуропаның көшбасшысы болып отырған «Astrium» компаниясының қызметімен танысты. ҚР Парламенті Мәжілісі делегациясының Франция еліне жасаған осы сапары екі мемлекеттің Парламенттері арасындағы ынтымақтастық байланысты дамытуға және нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.