Франция Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойған Еуропаның бірінші елі - Қ. Омаров
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Франция Қазақстанмен стретагиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойған Еуропаның бірінші елі. Сондай-ақ, Париж ТМД аумағында осындай құжатқа бірде-бір елмен қол қоймаған.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тоқтала кететін жайт, осы құжат шеңберінде Қазақстан және Франция арасында бірлескен кәсіпорындар құру мен экономикалық және қаржылық форумдарды тұрақты түрде өткізіп отыру мәселелері қарастырылады. Осы арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен жұмыс жүргізу шаралары да көзделеді әрі шартты ратификациялау жаңа мүмкіндіктерді талқылау үшін перспективаларға жол ашады. Бұнымен қоса, Франция Қазақстанмен осындай құжатқа қол қойған Еуропаның бірінші елі болып табылады. сондай-ақ, ТМД кеңістігінде Париж осындай құжатқа бірде-бір елмен қол қоймаған. Сонымен қатар, шартты іске асыру шеңберінде Француз тарапы Қазақстанның халықаралық бастамаларының жолсерігі болуға ниетін білдірген. Бұл туралы 2009 жылғы қазанның 6-сындағы Франция Президенті Николя Сарказидің Астанаға мемлекеттік сапары барысында ресми түрде жарияланды», деді СІМ орынбасары Қ. Омаров.
Оның айтуына қарағанда, шарттың 17-ші бабына сәйкес осы шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Шартты ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға, сондай-ақ қосымша бюджеттік қаржыларға әкеп соқпайды. Аймақтық және халықаралық деңгейде Қазақстанның рөлін арттыруға жағдай жасайды. 2009 жылы наурыздың 25-інде француз тарапы аталған шарт бойынша мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны жөнінде хабарлаған.