Францияның ірі кәсіпорындары ЭКСПО-2017 көрмесіне қызығушылық танытуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Этьенмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Елші француздық ірі кәсіпорындар ынтымақтастыққа әзір екендігін мәлімдеді, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
«Тамыз аяғында мен 70 ірі компания өкілдерімен кездестім. Олардың барлығы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне мүдделілік танытты. Astana Invest форумын өткізу барысында олармен ЭКСПО көрмесінде олар көрсететін әзірлеме мен технологияларды талқылау үшін кездессеңіз жақсы болар еді», - деп ойымен бөлісті кездесу барысында Франсис Этьен.
Ахметжан Есімов 48 ел өздерінің қатысатынын растап, көрмеге деген халықаралық мүдделіліктерін көрсетті деп атап өтті.
«Біз үшін ЭКСПО-ға Францияның қатысуы өте маңызды, олар өз Комиссарларын да тағайындап қойды»,- деп атап өтті Есімов.
Сондай-ақ Елші ЭКСПО компаниясын осы жылы қараша соңы-желтоқсанның басында өтетін климаттық өзгерістер бойынша париждік конференцияға шақырды.