Француз кәсіпкерлері көлік саласында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіруде
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат. Осы аптада ҚР Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов көлiк-коммуникациялық кешенi саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірген шетелдік компаниялар өкілдерімен кездесті,
деп хабарлады Министрліктің баспасөз қызметінен.
Оның ішінде, Қазақстанға Француз Республикасының кәсiпкерлер тобымен бірге келген «CEIS» компаниясының президенті Оливье Даррасон көлік ведомствосының басшысына жолықты. Бұл компания стратегиялық мониторинг саласындағы бірінші жекеменшік француз компаниясы болып табылады. Оның негізгі қызметіне жаңа технологияларды басқару, технологиялық мүмкіндіктерді барлау, технологиялық маркетинг пен технологиялар трансферт кіреді.
Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидің өткен жылғы Қазақстанға сапары барысында экономиканың нақты секторын инновациялық негізде дамыту саласында мемлекетаралық келісімге, сонымен қатар «Инжиниринг және технологиялар трансферттер орталығы» АҚ мен «CEIS» стратегиялық консалтинг және мониторинг бойынша еуропалық компаниясы арасында «Технологиялар трансферттің қазақстандық-француздық орталығы» ЖШС құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Аталған орталық қызметінің басты бағыты - ғылыми зерттеулер нәтижелерін инновациялық өнімді өндіріске жедел енгізу, коммерциялық негізде тұтынушыларға жеткізу мәселелерін шешу. Сонымен қатар, ақпараттық алмасу мен білім трансферті негізінде халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету де негізгі бағыттардың бірі.
Компаниялардың басты бағыттарын айта келе, Оливье Дарросон Қазақстанның екпінді дамып келе жатқан көлік саласы оларды ерекше қызықтыратындығын екенін атап өтті.
Сондай-ақ Әбілғазы Құсайынов бірқатар компанияларды біріктіретін «Finmeccanica» итальяндық холдингінің өкілдерімен кездесті. Өткен жылғы мамырда холдинг құрамындағы «Ansaldo STS» компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, электрлендіру, белгі беру және қозғалысты басқару орталықтарының жоғары технологиялық жүйелерін жобалау, орнату, сынау және пайдалануға енгізу жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру жоспарланды.
Соңғы кездесу барысындағы талқыланған мәселе - авиация саласындағы ынтымақтастық жайында болды. «AleniaAeuronautica» компанияның өкілі Роберто Лево қорғаныс, санитарлық авиация мен төтенше жағдайда тиімді қолданатын тактикалық ұшақтарды алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу нәтижесінде қарастырылған мәселелерді тереңірек талқылау арқылы екі жақтың мүдделілігін ескере отырып, ынтымақтастықты дамыту жөнінде тиісті шешімді содан кейін қабылдауға келісті.