Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 1-15 сәуір аралығында Франкофония көктемі фестивалі өтеді. Осымен 16-шы рет ұйымдастырылып отырған фестиваль Қазақстанның бірнеше қаласында — Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларында алуан түрлі іс-шара өткізеді.

Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қазақстанда 25 мың адам французша сөйлейді

1970 жылы құрылған Франкофония халықаралық ұйымы француз тілін ілгерілету және тілдік әралуандылықты қолдау, сондай-ақ білім беру, мәдени диалог, тұрақты даму, ынтымақтастықты, демократия мен бейбітшілікті дамытуды көздейді. Бұл мақсатта 90 мемлекет пен үкімет ұйымға мүше болған. Ал Қазақстанда Франкофония көктемі 16 жылдан бері ынтымақтастықтың басты мәдени оқиғасы ретінде өтіп келеді.

Француз тілі — әлемдегі ең көп таралған тілдер ішінде төртінші орында тұр. Бес құрлықта 396 миллион адам французша сөйлейді және ол үйренілетін тілдер арасында танымалдығы бойынша екінші орында тұр (51 миллион оқушы). Бұл тіл 29 елде, сондай-ақ БҰҰ, НАТО және ЕО сияқты халықаралық ұйымдарда ресми мәртебеге ие.

Қазақстанда 11 мың студент француз тілін оқиды және шамамен 25 мың адам осы тілде сөйлейді. Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы мектептерде, француз Альянстарында және Miras International желісіне кіретін «Шарль де Голль» мектебінде француз тілі оқытылады.

Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

2024 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге жасаған мемлекеттік сапары барысында Шетелдегі француз білім беру агенттігімен (AEFE) Астана мен Алматы қалаларында екі француз мектебін ашу туралы келісімдерге қол қойылған.

Фестиваль іс-шаралары 7 қалада өтеді

Француз тілі мен французтілді мәдениеттерінің алуан түрлілігіне арналған іс-шараны елдегі тоғы елшілік — Бельгия Корольдігі, Канада, Франция, Люксембург, Литва, Марокко Корольдігі, Румыния, Армения және Швейцария елшіліктері бірлесіп ұйымдастырады.

Олар кино көрсетілімдері, концерттер, конференциялар, әдеби кездесулер, көрмелер, француз тілі бойынша байқаулар сынды алуан түрлі іс-шаралар ұсынып отыр.

Фестивальді пианист Кристин Фонлюпттың Алматыдағы (30 наурыз) және Қарағандыдағы (2 сәуір) концерті ашады. Сондай-ақ француз орындаушысы Voyou Қазақстанға гастрольдік сапармен келеді. Оның концерттері Алматыда (10 сәуір), Шымкентте (11 сәуір) және Астанада (12 сәуір) өтеді. Ал литвалық пианист Муза Рубацките 15 сәуір күні Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театр сахнасында жеке концертін береді.

Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Мұндай іс-шараны Қазақстанда өткізу Астананың ғана емес, тұтас елдің тұрғындарына франкофон мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Біз әртүрлі өңірлерде мазмұнды бағдарлама дайындадық. Ең алдымен, Астана мен Алматыда кинофестивальдер өтеді. Мен өзім Өскеменге барып, француз киносы фестивалін ашамын. Көрермендер франкофон әлемінің түкпір-түкпірінен — Армения, Канада, Марокко және басқа елдерден келген фильмдермен таныса алады, — деді Қазақстандағы Франция елшісі Сильван Гиоге елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Екінші бағыт — музыка және бұл бөлімде түрлі концерттер мен француз әні байқауы ұйымдастырылса, үшінші бағыт — Француз альянстарында ұйымдастырылатын түрлі көрмелер болмақ. Мәселен Париждегі Нотр-Дам соборына арналған онлайн көрмені кез келген қазақстандық тамашалай алады.

— Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама өте алуан түрлі және франкофон әлемінің байлығын тереңірек тануға тамаша мүмкіндік береді. Жыл сайын біз ұсынатын контент ауқымын кеңейтіп келеміз. Әсіресе кино саласында фильмдер саны артып келеді, оның ішінде халықаралық деңгейде танылып, марапатталған жаңа туындылар да бар. Біз жыл сайын жаңа қалаларды қамтуға тырысамыз, өйткені Қазақстан — орасан зор мемлекет, әрі мұнда франкофон мәдениетіне қызығушылық өте жоғары. Биыл іс-шаралар жеті қалада өтеді және болашақта географиясын одан әрі кеңейтеміз деп үміттенеміз. Биыл бағдарламаны одан да мазмұнды әрі қолжетімді ету үшін 9 елшіліктің күш біріктіргеніне ерекше қуаныштымын, — деді Франция елшісі.

Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Әрине, Қазақстандағы дәстүрлі франкофон әні байқауы да өтеді. Оның финалы 5 сәуір, жексенбі күні Астанада болады. Қатысушылар іс-шараның серіктесі Air Astana әуе компаниясынан Парижге екі әуе билетін, сондай-ақ Бельгия, Канада, Франция, Румыния және Швейцария елшіліктерінен басқа да сыйлықтарды ұтып ала алады.

Францияда 700 қазақ оқып жүр

Сонымен бірге, Қазақстанның бірнеше қаласында университет студенттеріне арналған Елшілер конференциялары өтеді. Осы бағдарлама аясында Бельгия, Франция, Румыния және Швейцария елдерінің елшілері мен консулдары Астана, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Қарағанды және Атырау қалаларындағы жоғары оқу орындарына барады. Кездесулерде дипломатия, мәдени дипломатия, франкофония және француз тілін үйрену тақырыптары талқыланады.

Франкофония көктемі: Қазақстанның 7 қаласында французша кино көрсетіліп, көрме-концерттер өтеді
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазір Францияда шамамен 700 қазақстандық студент оқып жүр және олардың санының артқанын қалар едім. Бұл — біздің елдеріміз арасындағы академиялық байланыстарды нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Сонымен бірге, кері академиялық ұтқырлықты да дамыту қажет, яғни француз студенттері Қазақстанға келіп білім алуы тиіс, өйткені мұнда жоғары білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді, — деді дипломат.

Оның айтуынша, Франкофония науқаны студенттік мобильдіктің дамуына да ықпал етеді. Қазақстандық студенттердің шетелде білім алуға қызығушылығын арттырады. Француз тілін меңгеру Францияда ғана емес, сондай-ақ Бельгияда, Швейцарияда, Люксембургте, Мароккода, Канадада және басқа елдерде оқуға мүмкіндік береді. Франция «Абай–Верн», «Болашақ» бағдарламаларымен және қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істейтін студенттерді қолдауға бағытталған MOPGA (Make Our Planet Great Again) бағдарламасы бойынша қазақстандық студенттерге білім грантын ұсынады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан асты