Франция Shein мен Temu тауарларына €20-ға дейін алым енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ шілде айында ұсақ сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде жеке алым енгізгеннен кейін Қытайдан келетін шағын сәлемдемелер импорты 40 пайызға дейін қысқарған, деп хабарлайды Еuronews.
Франция ультра жылдам сән индустриясына қатысты талаптарды күшейтіп, жаңа алым енгізіп жатыр. Уақыт өте келе оның мөлшері киімнің бір данасына шамамен 20 еуроға дейін жетуі мүмкін.
1 қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа алым ірі электрондық сауда платформаларына, соның ішінде Shein компаниясына бағытталған.
Бұл шара Франция парламенті маусым айында ең төмен бағамен сапасы төмен киімдерді орасан зор көлемде сатумен танымал компаниялардың қызметін реттеу туралы заң қабылдағаннан кейін енгізілді.
Жаңа талаптар Азияның онлайн-сауда алпауыттары — Shein, Temu және AliExpress компанияларының қызметін шектеуге бағытталған шаралардың бір бөлігі. Соңғы жылдары олардың Франциядағы танымалдығы айтарлықтай артқан.
— Ультра жылдам сән индустриясының қоршаған ортаға және экономикамызға зиянды әсері жақсы белгілі әрі құжатталған, — деді Экологиялық трансформация министрі Матьё Лефевр 28 тамыз, жұма күні шараның егжей-тегжейі жарияланған кезде.
Францияда ультра жылдам сәнге салынатын алым қалай есептеледі?
Заңға сәйкес, тауардың ультра жылдам сән санатына жататыны екі критерий бойынша анықталады. Олар — нарыққа шығарылатын киім көлемі және киімді жөндеу құнының оның сатып алу бағасына қатынасы.
Әр тауарға салынатын алым мөлшері осы екі критерий бойынша нақты өнімнің жинаған көрсеткіштеріне қарай белгіленген шкала бойынша есептеледі.
Мысалы, 2026 жылы ультра жылдам сән санатына жатқызылған әрбір іш киімге 50 еуроцент, футболкаға 2 еуро, джинсыға 9 еуро және күртешеге 12 еуро көлемінде алым салынады.
2030 жылға қарай алым мөлшері бір тауарға 19,50 еуроға дейін жетуі мүмкін. Алайда оның ең жоғары шегі тауардың салық салынғанға дейінгі бағасының 50 пайызынан аспауы тиіс.
Лефевр басқаратын ведомствоның мәліметінше, қазір компаниялардың өз есептеріне ғана сүйенбей, деректерді тәуелсіз түрде жинауға мүмкіндік беретін арнайы құрал әзірленіп жатыр.
Дүйсенбі күні Гонконг қор биржасында көптен күткен алғашқы жария акция орналастыруы (IPO) аясында Shein компаниясының нарықтық бағасы 26,3 млрд долларды (22,7 млрд еуро) құрады. Компания AFP агенттігінің бұл шараға қатысты сауалына жауап беруден бас тартты.
Temu мен AliExpress өкілдері де шараға қатысты пікір білдіру туралы өтінішке бірден жауап бермеді.
Еуропалық бөлшек сауда компаниялары алымнан босатыла ма?
Жаңа шараның нақты қай сауда компанияларына қатысты болатыны сынға ұшырады.
Шілде айында Лефевр басқаратын ведомство H& M немесе Zara сияқты сауда желілеріне жаңа алым салынбайтынын мәлімдеген болатын. Кейбір сарапшылар мұны еуропалық және француз компанияларының жаңа қаржылық жүктемеден іс жүзінде босатылуы деп бағалады.
Француз билігі Shein, Temu және AliExpress компаниялары ультра жылдам сән индустриясының қарқынды өсуіне негізгі себеп болып отырғанын бірнеше рет мәлімдеді.
Еуропалық комиссия да бұл заңның Еуропалық Одақ құқығына сәйкестігіне қатысты сұрақ қойған. Алайда Лефевр басқаратын ведомствоның мәліметінше, бұл алаңдаушылықтар «жойылған» және шараның күшіне енуіне тосқауыл қойылады деп күтілмейді.
Ал Қытай шілде айында Франция қабылдаған заңға байланысты жауап шараларын қолдануы мүмкін екенін ескертті. Бейжің бұл ретте жаңа реттеуді «кемсітушілік» деп атап, оның сауда қағидаттарын бұзатынын мәлімдеді.
Осыдан бұрын биыл мамыр айында Еуропалық Одақ қытайлық маркетплейс Temu-ға цифрлық сауда ережелерін бұзғаны және ЕО аумағында қауіпті тауарлар таратқаны үшін 200 млн еуро айыппұл салды.