Франция Үкіметтің жаңа құрамы жарияланғанын күтіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда жақын арада жаңа үкіметтің құрамы белгілі болады. Екі апталық консультациялардан кейін премьер-министр Мишель Барнье президент Эммануэль Макронға министрлер тізімін ұсынды. Енді 38 кандидаттан тұратын министрлер кабинетінің құрамын Макрон бекітуі керек, деп жазады Еuronews.

Франция Үкіметтің жаңа құрамы жарияланғанын күтіп отыр
Фото: euronews.com

Келіссөздер шиеленісті болды, өйткені елдегі екінші маңызды лауазымға үміткер Барньенің кандидатурасын солшылдар да, оңшылдар да құптамады. 

Француз БАҚ-тары өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, сенатор Бруно Ретайо («Республикашылдар» партиясы) Ішкі істер министрі болып тағайындалды, ал Жан-Ноэль Барро Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік хатшы қызметінен Сыртқы істер министрі қызметіне ауысады деп хабарлайды. Қорғаныс министрі Себастьен Лекорню өз орнында қалады, ал Антуан Арман Қаржы министрлігіне ауысады. 

Алайда, соңында министрлік портфелін кім алатынына қарамастан, үкіметтің ұстанымы тұрақсыз болады.

Барнье Францияның қаржы мәселесін шешу үшін салықты көтеруге қарсы болмайтынын айтып үлгерді. Бұл шарадан кейін Барнье парламентте сенімсіздік вотумына ие болуы мүмкін. Егер бұл сынақ сәтті өтсе, Барнье келесі кезекте бытыраңқы парламентпен жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Соңғы жаңалықтар