Франция Ұлттық жиналысы «Қара кодекстің» күшін жоюды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Франция Ұлттық жиналысы бейсенбі күні 1685 жылы король XIV Людовик қол қойған және Францияның барлық отарларындағы құлдардың өмірін реттеген «Қара кодекстің» (Code noir) күшін жою туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Euronews.

Франция
Фото: Аnadolu

Франция құл иелену ауқымы бойынша Еуропада Ұлыбритания мен Португалиядан кейінгі үшінші мемлекет болған.

– Франция құлдықты 1794 жылы Француз революциясы кезінде жойды. Алайда 1802 жылы Наполеон Бонапарт оны қайта қалпына келтіру үшін Гваделупаға әскер жіберуге бұйрық берді. Кейін ел құлдықты 1848 жылы қайтадан жойды, – деп жазды басылым.

2001 жылы Франция құлдық пен құл саудасын «адамзатқа қарсы қылмыс» деп таныды (Тобира заңы).

– Дегенмен XVII–XVIII ғасырларда қабылданған, отарлардағы құлға айналдырылған адамдардың құқықтық мәртебесін белгілеген және «Қара кодекс» деген атаумен белгілі бірқатар корольдік жарлықтардың күші ресми түрде ешқашан жойылған жоқ. Бейсенбі күні депутаттар корольдік эдиктердің күшін жою туралы заң жобасын мақұлдағаннан кейін, құжатты енді Сенат қарауы тиіс. Дауыс беру күні әзірге белгіленбеген. Осыдан кейін заң түпкілікті қабылдануы мүмкін, – деп жазды басылым.

Келер жылы президенттік екі мерзімінің аяқталуына байланысты қызметінен кететін Франция президенті Эмманюэль Макрон өткен аптада аталған заңдардың күшін жою бастамасын қолдаған еді.

Еске сала кетсек, Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен елге келетін миграцияны үш жылға уақытша тоқтатуды ұсынғанын жаздық.