Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Францияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тыйым салу Конституцияға қайшы деп танылды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Конституциялық кеңесі 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заңды Конституцияға қайшы деп таныды. Ел Парламенті құжатты шілде айында мақұлдаған болатын, ал Президент Эмманюэль Макрон шектеуді қыркүйектен бастап енгізуді жоспарлаған еді, деп хабарлайды BBC.

соцсети
Фото: pexels

Францияның Конституциялық кеңесі жаңа заң 15 жасқа толмаған балалардың пікір білдіру және қарым-қатынас жасау еркіндігін шектен тыс шектейді деген шешімге келді.

– Мұндай шектеулер орынды да, қажетті де, пропорционалды да емес, – делінген Конституциялық кеңес шешімінде.

AFP мәліметінше, Конституциялық кеңестің шешімінен кейін Елисей сарайы Эмманюэль Макронның Премьер-министр Себастьен Лекорнюге қысқа мерзім ішінде жаңа, «заңдық тұрғыдан сенімді» заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын хабарлады.

Президент әкімшілігі Макронның балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу ниетінен бас тартпағанын мәлімдеді.

Шілде айында Франция Сенаты мен Ұлттық жиналысы қабылдаған заңға сәйкес, келесі жылдың қаңтарынан бастап 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынуы тиіс еді.

Танымал әлеуметтік желілердің көпшілігі қазір 13 жастан бастап тіркелуге мүмкіндік береді. Алайда кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін қарым-қатынас жасауға, жаңа байланыстар орнатуға және қолжетімді контентке қатысты қосымша шектеулер қарастырылған.

Жоспар бойынша биыл қыркүйектен бастап жаңа аккаунт ашқан пайдаланушылар жасын растауға тиіс болатын. Ал қаңтардан бастап Францияның әрбір тұрғыны әлеуметтік желілерді пайдалану үшін 15 жастан асқанын растауы керек еді.

Пайдаланушылардың жасын тексеруді платформалардың өздері Францияның дербес деректерді қорғау жөніндегі реттеушісі мақұлдаған құралдар арқылы жүргізуі тиіс болған.

Айта кетейік, Жапония сайлау кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану талаптарын күшейтті.