Францияда биылғы маусымдағы төртінші аптап ыстық басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Тарихындағы ең ауқымды орман өрттері маусымын бастан өткеріп жатқан Францияда жыл басынан бергі төртінші аптап ыстық толқыны басталды. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.
Францияның Meteo-France метеорологиялық қызметінің мәліметінше, елдің оңтүстік-батысында ауа температурасы негізінен 36–38 градус шамасында болады, ал жекелеген департаменттерде 40 градустан асады.
Францияның басым бөлігінде ауа температурасы 32–35 градусқа дейін көтеріледі. Парижде шамамен 33 градус ыстық болады деп күтіліп отыр.
Синоптиктердің болжамынша, аптап ыстықтың шарықтау шегі ертең болады. Солтүстіктегі Манш департаментін қоспағанда, маусымдағы төртінші аптап ыстық толқынының әсері елдің барлық дерлік аумағында сезіліп жатыр.
Маусым айының соңы мен шілденің басында тіркелген алдыңғы аптап ыстық кезінде Франциядағы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдардағы орташа деңгеймен салыстырғанда 36 пайызға артқан.
Осы кезеңде әдеттегіден 5 767 адамға көп қайтыс болғаны тіркелді.
Сонымен қатар елдің оңтүстік-батысында орман өрттерімен күрес жалғасып жатыр. Мамандардың айтуынша, ыстық әрі құрғақ ауа райы өрттің одан әрі таралуына ықпал етіп, құрғақшылықты күшейтіп отыр.
Еске сала кетсек, Франция мен Испаниядағы өрттен 200 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын жаздық.
Одан кейін жағдай күрт ушығып, қауіпсіз жерге көшірілгендер саны 320 мыңнан асты.
Сондай-ақ аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілді.