Францияда эвтаназияға қатысты заң жобасы мақұлданды
АСТАНА.KAZINFORM — Заң жобасы 18 жастан асқан, жазылмайтын ауыр дерті бар, сондай-ақ ұзақ өмір сүрген Франция азаматтарына қолданылады, деп хабарлайды Анадолы.
Францияның конституциялық кеңесі «өмірден қайтуға көмектесу» деп жіктелген, емделмейтін ауруы бар пациенттерге қатысты заң жобасын мақұлдады.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, елдің ең жоғары конституциялық органы Конституциялық Кеңес 15 шілдеде Франция парламенті қабылдаған заң жобасы бойынша шешімін жариялады.
Емі жоқ ересек пациенттерге арналған және эвтаназия орнына «өмірден қайтуға көмектесу» деп жіктелген заң жобасын мақұлдау кезінде Кеңес заң жобасының бірнеше аспектілері бойынша түсінік беруді сұрады.
Түсіндіруді қажет ететін мәселелер қатарында құқықтық қабілеттілігі жоқ ересектерге қолдану шарттары, сондай-ақ осы процедураны орындайтын медицина қызметкерлері үшін ар-ождан бостандығы қағидаты болды. Заң жобасы емделмейтін ауыр сырқатқа шалдыққан, 18 жастан асқан Франция азаматтарына, сондай-ақ қарт пациенттерге қолданылады.
Заң жобасында медициналық көмекпен өмірді тоқтату әрекетін дәрігермен кеңескеннен кейін пациенттің өзі жасауы керек деп көрсетілген.
Егер пациент физикалық тұрғыдан өз бетінше жасай алмаса, бұл әрекетті дәрігер немесе медбике орындайды.
Заң жобасы бойынша ол науқастардан «ауруына байланысты азап шегетіні расталғаны» және пациенттің «шешімін саналы түрде әрі еркін білдіре алуы» талап етіледі.
Бұған дейін Француз депутаттары эвтаназия туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.