Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Францияда орман өрттерінің беті қайтты

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда бірнеше күнге созылған күрестен кейін орман өрттері бақылауға алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Францияда орман өрттерінің беті қайтты
Фото: EPA

Францияның премьер-министрі Себастьен Лекорню ел аумағындағы орман өрттері қазіргі уақытта бақылауға алынғанын мәлімдеді.

— Жалпы алғанда, бүгінде еліміздегі орман өрттері бақылауға алынды, — деді Үкімет басшысы La Tribune Dimanche газетіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде шыққан өртпен күрес қиын болған. Себебі жалын өз ауа ағындарын қалыптастырып, бағытын күтпеген жерден өзгертіп, тез таралған.

— Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметтерінің жанқиярлық еңбегінің, ауа райының өзгеруінің және өрт ошақтарын үздіксіз бақылаудың арқасында жағдай қайта тұрақталды, — деді Себастьен Лекорню.

Еске салайық, бұған дейін Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде болған ірі орман өрті оқшауланғанын, алайда елде табиғи өрттерге қатысты ахуал әлі де күрделі екенін хабарлағанбыз. Жаз басынан бері Францияда 119 мың гектар орман алқабы жанып кеткен.