Францияда Павел Дуровтың ағасына іздеу жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Politico басылымы Францияда Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың ағасы Николай Дуровқа да іздеу жарияланғанын хабарлады, деп жазады ТАСС.

Павел мен Николайды қамауға алу ордері ұйымдасқан топ құрамында кәмелетке толмағандардың порнографиялық суреттерін сақтауға, таратуға немесе оларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысы бар деген айыппен 25 наурызда шығарылғаны атап өтілді.
Газеттің хабарлауынша, ордер балалар порнографиясын дайындап таратқаны үшін айып тағылған адамның кім екенін анықтау үшін берілген өтінімді Telegram жауапсыз қалдырғаннан кейін берілді. Ағайыны Дуровтарды тұтқынға алу жөніндегі ордердің берілуіне негіз болған жәйттердің ішінде қылмыстық топтардың Telegram-ды қолдануы фактісі де бар.
Politico-ның хабарлауынша, іс материалдарында мессенджердің вице-президенті Илья Перекопскийдің де аты аталған, бірақ оны қамауға алуға ордер берілген-берілмегені көрсетілмеген.
Прокуратура ағайындыларды тұтқындауға ордер беру туралы газетке түсінік беруден бас тартты. Павел Дуровтың адвокаты да тергеуге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Француз ақпарат құралдарының хабарлауынша, Павел Дуров 24 тамызда Париждің Ле Бурже әуежайында балаларға қарсы қылмысқа, есірткі саудасына және алаяқтыққа қатысы бар деген айыппен ұсталған. Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дуров - Ресей, Сент-Китс пен Невис, Франция және БАӘ азаматы. Франциядағы Ресей елшілігі мән-жайды анықтап жатыр.
Илон Маск Дуровтың ұсталуын сөз бостандығына кепілдік беретін АҚШ Конституциясына енгізілген бірінші түзетудің «жарнамасы» деп атады.
Ал Telegram командасы платформадағы қиянат туралы айыптаулардың ақылға қонымсыз екенін айтты.