Францияда жол-көлік оқиғасынан төрт адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның солтүстігінде 16-18 жас аралығындағы төрт жас жігіт жол апатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бельгиядағы меншікті тілшісі.

ДТП, ремонт дорог, авария
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Марна департаментінің прокуратурасы мәлімдегендей, бұл қайғылы оқиға шамамен 18:30–да Мэри-сюр-Марн (Mairy-sur-Marne) коммунасына жақын № 80 департаменттік жолында болған.

Автокөлікте төрт жасөспірім болған, олар жолдан шығып, ағашқа соғылған. Жолаушылардың барлығы сол жерде көз жұмды. Көлікті басқарған жүргізушінің жасы 17-де болған, оның жүргізуші куәлігі болған.

Марна префектурасының алдын ала мәліметтеріне сәйкес, қаза тапқандардың барлығы осы департаменттің Ольне-л’Этр (Aulnay-l’Aître) коммунасынан шыққан.

Шалон-ан-Шампань прокуратурасы өлімнің себебін және апаттың мән-жайларын тергеп жатыр. Жандармерия автокөліктің жолдан шығуына не себеп болғанын анықтап жатыр.

— Қазір бұл қайғылы оқиғаның себептері анықталуда, — деп атап өтті прокуратура.

Осыған дейін Нигерияда жол-көлік апатынан 30 адам қаза тапқандығы туралы жазған болатынбыз.