Франциядағы әйгілі курорттық түбек алапат орман өртіне байланысты тегіс эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның оңтүстік-батысында тұтанған алапат орман өрті елдегі ең танымал демалыс аймақтарының бірі – Кап-Ферре түбегін толық эвакуациялауға мәжбүр етті. Табиғи апат ондаған тұрғын үйді күлге айналдырып, әзірше толық ауыздықталған жоқ, деп хабарлайды БелТА.
Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, 24 шілдедегі жағдай бойынша өрттің аумағы 10 мың гектардан асты. Қазірдің өзінде шамамен 40 мың адам эвакуацияланды немесе эвакуацияланып жатыр. Олардың қатарында кемпингтер мен жалға алынған үйлерде демалып жатқан мыңдаған турист бар.
Эвакуация кезең-кезеңімен, «ауылдан ауылға» қағидаты бойынша жүргізіледі. Тұрғындар мен демалушылар теңіз көлігімен немесе түбекті материкпен байланыстыратын жалғыз автожол арқылы қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Аркашон шығанағының солтүстігіндегі Жиронда өңірінде өртті сөндіруге 800-ге жуық өрт сөндіруші мен төрт амфибия ұшағы жұмылдырылған. 22 шілдеде басталған өрт әлі күнге дейін толық ауздықталған жоқ. Қауіпсіздік мақсатында ауданның басым бөлігіндегі жолдар, соның ішінде Ферре мүйісіне апаратын бағыттар төтенше қызметтерден басқа барлық көлік үшін жабылды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттен шамамен 80 тұрғын үй жойылған.
Тағы бір ірі орман өрті Бискарросс курорты маңында тіркелді. Онда тілсіз жау 2,5 мың гектардан астам аумақты шарпып, шамамен 25 мың адам эвакуацияланды.
Франция билігінің мәліметінше, қазір ел аумағында әртүрлі деңгейдегі 32 орман өрті тіркелген. Жыл басынан бері 50 мың гектарға жуық орман өртенген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда төрт есеге жуық көп.
Ғалымдар алапат орман өрттерінің көбеюін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Олардың бағалауынша, Еуропадағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда шамамен екі есе жылдам өсіп келеді. Бұл экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне әсер етіп жатыр.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Еуропаның көптеген елдерінде аптап ыстық пен құрғақшылық сақталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Франциядағы орман өртінен 20 мың адам эвакуацияланғанын хабарлағанбыз.