Францияның оңтүстігіндегі орман өрті Париждің көлеміндей жерді шарпыды
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның оңтүстігінде осы жаздағы ең ірі орман өрті тіркелді. Билік өкілдері оны бұрын-соңды болмаған апат деп бағалады, жазады France 24.

Жерорта теңізі өңірінде, Испания шекарасына жақын орналасқан Од департаментінде, шарап өндірісімен танымал аймақта орман өрті жылдам тарап жатыр. Өрт салдарынан бір адам қаза тапты, тағы 13 адам, оның ішінде 11 өрт сөндіруші жарақат алды. Бастапқыда хабар-ошарсыз кетті деп саналған бір адам табылып, аман-есен екені анықталды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт 13 мың гектардан астам аумақты шарпыған, бұл Париждің аумағынан әлдеқайда үлкен. Күннің ыстық, құрғақ әрі желді болуы өрт сөндіруді қиындатып отыр.
Францияның Премьер-министрі Франсуа Байру сәрсенбі күні Сен-Лоран-де-ла-Кабрерисс елді мекеніндегі өрт сөндіру штабына барып, өрт сөндірушілермен және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Қоршаған орта министрлігінің хабарлауынша, осы айда Од аймағында құрғақшылық байқалып отыр, осыған байланысты су пайдалануға шектеулер енгізілген. Соңғы айларда жауын-шашынның болмауы өрттің таралуына себеп болды.
Бұл — жаз мезгіліндегі Франциядағы ең ірі орман өрті. Елде осы уақытқа дейін шамамен 9000 өрт тіркелген, олардың басым бөлігі Жерорта теңізі жағалауында болған.
Осы жазда Оңтүстік Еуропада бірнеше ірі өрт болды. Ғалымдар климаттың өзгеруі ыстықтың және құрғақшылықтың жиілігі бұл өңірді орман өрттеріне осал ететінін ескертеді.
Еуропалық Одақтың климат өзгерісін бақылау қызметі «Коперник» деректеріне сәйкес, Еуропа — әлемде ең жылдам жылитын құрлық. 1980-жылдардан бері бұл аймақта температура орташа әлемдік көрсеткіштен екі есе жылдам көтеріліп келеді.
Осыған дейін Францияда соңғы 76 жылдағы ең ірі орман өрті тіркелгені туралы жаздық.