Француз депутаттары премьер-министр Байруға сенімсіздік білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қатаң экономикалық үнемдеу жоспарына байланысты туындаған даулы жағдай салдарынан 8 қыркүйекте Франция парламентінің төменгі палатасы премьер-министр Франсуа Байруды қызметінен босатты, деп жазады DW.

Депутаттар 74 жастағы үкімет басшысына тоғыз ай жұмыс істегеннен кейін сенімсіздік танытты.
Сенім мәселесі бойынша дауыс беруден бұрын Байру Ұлттық жиналыстың жедел отырысында 2026 жылға арналған қатаң үнемдеуді қамтитын бюджетті бекіту үшін тағы да қолдау іздеді. Бұл бюджет шығыстарды шамамен 44 миллиард еуроға қысқартуды көздейді. Оппозиция отырыстан бұрын-ақ Байруға сенім білдіруге қарсы дауыс беретінін мәлімдеген.
Саяси дағдарыс жағдайында үкіметке қарсы наразылықтар мен ереуілдерге шақырулар жиілеп жатыр. Кейбір кәсіподақтар 10 қыркүйекте ереуіл бастауға үндеу жасаса, көпшілік ұйымдар оны 18 қыркүйекке жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Франсуа Байру 2024 жылғы желтоқсанда премьер-министр болып тағайындалып, үш айдан кейін сенімсіздікке ұшыраған Мишель Барнье орнына келді.