Футболдан ӘЧ-2022: Бірінші кезеңде Қазақстан Францияға есе жіберді
FIFA жариялаған соңғы рейтингте Франция екінші орында тұр. Ал Қазақстан онда 122-орында келеді.
Алғашқы кезеңде француздық футболшылар ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Алайда алаң иелері негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Қарсыластар шабуылына төтеп беріп, бірнеше қауіпті сәтті сейілтті. Тәжірибелі ойыншылардан жасақталған Франция құрамасы бірнеше мәрте гол соғатын мүмкіндіктерді қарастырды. Нәтижесінде 19-минутта француздық шабуылшы Усман Дембеле алаң иелері қақпасынан саңылау тапты.
Ал 44-минутта қазақстандық қорғаушы Сергей Малый өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша бірінші кезеңде француз құрамасы 2:0 есебімен жеңіп жатыр.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін қазақ топырағына Германия, Англия, Португалия, Нидерланды, Бельгия секілді маңдайалды құрамалар қадам басты. Оның ішінде 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында қазақстандық футболшылар Бельгиямен екі мәрте (0:0, 2:2) тең түскенін жанкүйерлер әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.
Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.
Сондай-ақ, бүгін аталған топта Украина өз алаңында Финляндияны қабылдайды.
Бірінші турда Франция мен Украина 1:1, Финляндия Босния мен Герцоговинамен 2:2 есебімен тең ойнады.