Футболдан ӘЧ-2022: Қазақстан құрамасының қарсыластары тең түсті
Өз алаңында Украина құрамасы Финляндиямен шеберлік байқасты. Екеуі де алғашқы турда тең нәтижеге қанағат білдірді. Украиналықтар сырт алаңда Франциямен 1:1, Финляндия өз алаңында Босния және Герцоговинамен 2:2 есебімен тең түсті.
Сондықтан бүгінгі ойында қос құрама жеңіске жету жолын іздеді. Десе де бірінші кезеңде қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде де ойын алма-кезек шабуылмен өрбіді. Нәтижесінде 80-минутта украина құрамасы сапынан Жуниор Мораес есеп ашса, финляндиялық Тезму Пукки 89-минутта пенальтиден гол соқты. Осылайша кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Екі турдан кейін Франция құрамасы төрт ұпаймен көш басында тұр. Одан кейінгі орындардағы Украина мен Финляндияның еншісінде екі-екіден ұпай болса, Босния және Герцоговина әзірге бір ұпайды місе тұтқан. Ал Қазақстан әзірге ұпай еншілеген жоқ.
Естеріңізге сала кетелік, бүгін аталған топта Қазақстан өз алаңында Франциядан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Енді 31 наурызда бұл топта тағы екі ойын өткізіледі. Өз алаңында Украина Қазақстанды қабылдаса, Босния және Герцоговина Франциямен шеберлік байқасады.