Футболдан ӘЧ: АҚШ пен Иран құрамалары 1/16 финалында кездесуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Соған қарамастан, матчтарының басым бөлігі АҚШ аумағында өтетін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына Иран құрамасы қатысуға рұқсат алды, деп хабарлайды Bild.

Иран примет участие в ЧМ по футболу
Фото: fifa.com

Иран құрамасы үшін турнир бірқатар қиындықтармен байланысты болмақ. Атап айтқанда, виза рәсімдеу, қауіпсіздік шараларының күшеюі және Мексиканың Тихуана қаласындағы оқу-жаттығу базасынан АҚШ-тағы ойындарға қатынау мәселелері бар. Дегенмен команда әлем чемпионатына қатысуға ниетті.

Сондай-ақ АҚШ пен Иран құрамалары өзара кездесуі де мүмкін. Мұндай матч саяси ахуалға байланысты ерекше назар аударатыны сөзсіз. Егер екі құрама да өз топтарында екінші орын алса, олар 3 шілдеде Техас штатындағы Арлингтон қаласында өтетін 1/16 финалдық кездесуде жолығады.

Әлем чемпионатының 104 матчының 78-і АҚШ-та өтеді. Ойындар Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк/Нью-Джерси, Филадельфия, Сан-Франциско және Сиэтл қалаларында ұйымдастырылады. Турнирге 5 миллионнан астам жанкүйер келеді деп күтіледі. Қалған матчтарды Канада мен Мексика қабылдайды.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Иранның әлем чемпионатына қатысу үшін FIFA ұйымына қойған 10 талабын жариялаған болатын.

Айта кетейік, бүгін, 11 маусымда, футболдан 23-ші әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Kazinform тілшісі жанкүйерлерді қандай қызықтар күтіп тұрғанын баяндап берді.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кімге жанкүйер болатынын жазғанбыз.