Футбол мерекесі басталады: әлем чемпионатының ашылуын қайдан көруге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 11 маусымда, футболдан 23-ші әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Kazinform тілшісі жанкүйерлерді қандай қызықтар күтіп тұрғанын баяндап берді.
2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты Мехико қаласында өтіп, алғашқы матчтың басталуына 90 минут қалғанда көрерменге жол тартады.
ФИФА ұйымдастырған ауқымды музыкалық шоудың көркемдік қойылымына Олимпиада ойындарының салтанаттарын сахналаған Марко Балич жауапты. Мексикадағы шоудың негізгі тұжырымдамасы жергілікті дәстүрлі papel picado (өрнекті қағаз) өнері мен ұлттық фольклордан шабыт алған.
Турнирдің ресми әнұраны — DNA композициясын италиялық опера әншісі Андреа Бочелли, француз диджейі Давид Гетта, америкалық рэпер Megan Thee Stallion және әнші EJAE жанды дауыста орындайды.
Сондай-ақ Шакира мен нигериялық орындаушы Burna Boy әлем чемпионатының ресми әні — Dai Dai туындысын алғаш рет көпшілікке ұсынады. Олармен бірге сахнада Уганданың Ghetto Kids би ұжымы өнер көрсетеді.
Латынамерикалық мәдениеттің жарқын көрінісі ретінде мексикалық әйгілі Maná рок-тобы, әншілер J Balvin, Danny Ocean, Белинда, Алехандро Фернандес, Лила Даунс және Los Ángeles Azules тобы сахнаға шығады. Ал оңтүстікафрикалық әнші Tyla өз елінің мемлекеттік әнұранын орындайды.
Мерекелік кешті Голливуд жұлдызы Сальма Хайек ашып, жанкүйерлерге арнаулы құттықтау жолдайды.
Қазақстан уақыты бойынша 12 маусым түнгі сағат 00:00–де Мехикода әлем чемпионатының алғашқы матчы басталады.
Қазақстан аумағында турнир ойындары Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесулердің басым бөлігі елімізде түнгі немесе таңғы уақытта өтеді.
Әлем чемпионатының алғашқы ойынында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі. Бұл 2010 жылғы әлем чемпионатының ашылу матчының қайталануы болмақ. Ол кезде командалар 1:1 есебімен тең түскен еді. Ал әйгілі «Ацтека» стадионы тарихта үшінші рет әлем чемпионатын қабылдаған алғашқы арена атанады.
Алғашқы ойын күні Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының матчымен аяқталады. Кездесу Мексиканың Гвадалахара қаласындағы (Сапопан) «Акрон» (Estadio Akron) стадионында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойын 12 маусым күні таңғы сағат 07:00-де басталады.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты: Қазақстандағы алғашқы ойын күнінің трансляция кестесі
11 маусым
-
22:30 — Әлем чемпионатының ашылу салтанаты (Мехико, «Ацтека» стадионы)
12 маусым
-
00:00 — Мексика — ОАР
-
07:00 — Оңтүстік Корея — Чехия
Бұдан бұрын Суперкомпьютер футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының басты фаворитін атады.