Футболдан ӘЧ: Марокко Португалияны жеңіп, ½ финалға өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына үшінші жолдаманың иегері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ширек финалдағы үшінші кездесуде Марокко және Португалия құрамалары шеберлік байқасты.

Биылғы әлем чемпионатында марокколықтар жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Топтық кезеңде және 1/8 финалда жасыл алаң төрінде шеберлігін паш ете білді. Нәтижесінде ширек финалға дейін жетті.


Сол себепті Португалия құрамасына аталған кездесудің оңайға соқпайтыны анық еді. Олардың көшбасшысы Криштиану Роналду екінші ойын қатарынан қосалқы құрамда бастауға мәжбүр болды. Бас бапкер Фернанду Сантуш оның орнына Гонсалу Рамушқа сенім білдірді.

Кездесу басталғаннан португалиялық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Дегенмен олардың басымдығына марокколықтар лайықты төтеп бере білді.

Уақыт өте келе олар да қарсыластар қақпасы маңында бой көрсетті. Осындай сәттердің бірінде Испанияның «Севилья» командасында ойнайтын Юссеф Эн-Несири 42-минутта әріптесі Яхья Аттийяттың әуелете берген пасын голға айналдырды.

Бұдан кейін көп ұзамай португалиялық Бруну Фернандеш таразы басын теңестіре жаздады. Оның тепкен добы қақпа бағанынан кері қайтты.

Ойынның 92-минутында марокколық Валид Хеддира қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Осылайша Марокко Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті.

Марокко Африка құрлығынан жартылай финалға шыққан алғашқы құрама болып отыр.

Енді Марокко құрамасы 14 желтоқсанда жартылай финалда Англия мен Франция жұбының жеңімпазымен кездеседі. Матч елорда уақытымен 1.00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы бір жартылай финалда 13 желтоқсанда Аргентина және Хорватия құрамалары шеберлік байқасады.


Фото: www.championat.com
Соңғы жаңалықтар