Футболдан әлем чемпионатының жабылу салтанатында кімдер өнер көрсететіні белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жабылу салтанаты 19 шілдеде New York New Jersey Stadium стадионында турнирдің финалдық матчы алдында өтеді.
Шоу жергілікті уақыт бойынша сағат 13:30–да, яғни финалдық ойын басталардан 90 минут бұрын басталады.
Салтанатты шарада әлемдік музыка және шоу-бизнес жұлдыздары Том Круз, Лаура Паузини, Николь Шерзингер, Робби Уильямс және IShowSpeed өнер көрсетеді. Ал финал алдында АҚШ-тың мемлекеттік әнұранын «Эмми», «Грэмми», «Оскар» және «Тони» сыйлықтарының лауреаты Дженнифер Хадсон орындайды.
FIFA мәліметінше, бұл салтанат әлем чемпионаты тарихындағы ең ауқымды турнирдің символдық қорытындысы болмақ. Биыл алғаш рет әлем біріншілігіне 48 құрама қатысты. Шоу Канада, Мексика және АҚШ-та өткен турнирге қатысқан командалардың жолына арналады.
Жабылу рәсімін Balich Wonder Studio әзірлеп жатыр. FIFA өкілдерінің айтуынша, шоуда музыка, мәдениет және футбол тоғысып, жаңа рекордтар орнатқан әрі жанкүйерлердің жаңа буынын шабыттандырған турнирдің ерекше атмосферасы көрініс табады.
— Канада, Мексика және АҚШ-та өткен ашылу салтанаттарының рухын жалғастыра отырып, жабылу рәсімі музыка, мәдениет және футболды тоғыстырып, тарихи турнирдің чемпионы анықталатын шешуші матч алдында көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлайды, — деді FIFA 2026 әлем чемпионатының операциялық директоры Хаймо Ширги.
Ұйымдастырушылар алдағы күндері жабылу салтанатына қатысатын өзге әртістер мен арнайы қонақтардың есімдерін жариялайтынын мәлімдеді.
Жанкүйерлерге стадионға ертерек келу ұсынылды. Кіру жергілікті уақыт бойынша 11:00–де ашылады. Финал басталғанға дейін көрермендер үшін ойын-сауық бағдарламалары, интерактивті аймақтар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
Еске салайық, бұған дейін Мадонна, Шакира, BTS және Джастин Бибердің 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында өнер көрсететіні хабарланған болатын.
Айта кетелік Қазақстанда FIFA WORLD CUP 2026 монеталары сатыла бастады.