Футболдан Бірінші лигада «Алтай» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 8-туры мәресіне жетті.

Аталған турдың екінші ойыны күнінде өскемендік «Алтай» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен сүріндірді.
Нәтижесінде өскемендік команда қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті. Бұл олардың көш басында келе жатқан клубтарға жақындай түсуіне мүмкіндік жасады. Қазір «Алтай» турнир кестесінде 17 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Олар үздік үштікте келе жатқан «Каспий», «Ертіс» және «Шахтер» командаларымен ұпай саны жөнінен деңгейлес болып қалды.
Бұл күнгі тағы бір кездесуде Түркістан облысының «Жетісай» клубы өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын 3:0 есебімен тізе бүктірсе, «Тараз» Павлодардың «Ертісіне» 0:1 есебімен жол берді.
Айта кетсек, 28 мамырда ақтаулық «Каспий» бұл жолы өз алаңында Алматының «Хан тәңірін» 1:0, алматылық AKAS сол қаланың тағы бір өкілі «Қайрат-2» клубын 3:0 есебімен жеңді.
Ал шымкенттік «Академия Оңтүстік» Павлодар облысының «Екібастұзына», «Түркістан» елордалық «SD Family» клубына 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Енді алдағы тур ойындары 12 және 13 мамыр күндеріне белгіленген.