Футболдан Бірінші лигада «Каспий» көш басына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 4-туры мәресіне жетті. 

футбол
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Екінші ойын күні, 2 мамырда ақтаулық «Каспий» сырт алаңда «Таразбен» кездесті.

Ойын барысында тараздық футболшылар алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Әлішер Сүлей 10-минутта мергендік танытса, 44-минутта «Каспий» сапынан Берік Айтбаев таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде ақтаулық Нұрмұхамед Ислам 79-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Каспий» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті. Турнир кестесінде 12 ұпаймен жеке-дара көш бастады.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасы өз алаңында «Түркістанды» 3:0 есебімен жеңсе, AKAS (Алматы) пен «Хан тәңірі» (Алматы) 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал 1 мамырда Түркістан облысының «Жетісай» өз алаңында астаналық «SD Family» клубына 1:2 есебімен жол берсе, «Алтай» (Өскемен) мен «Ақтөбе-2», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ертіс» (Павлодар) 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Аталған турда алматылық «Қайрат-2» өз алаңында Павлодар облысының «Екібастұзын» 7:0 есебімен тізе бүктірді.

Соңғы жаңалықтар