Футболдан Бірінші лигада «Шахтер» қатарынан екі мәрте тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 5-туры мәресіне жетті.

Бүгін, 9 мамырда көш басында келе жатқан қарағандылық «Шахтер» мен ақтаулық «Каспий» командалары үшін сәтсіз болды.
Қарағандылық команда сырт алаңда Павлодар облысының «Екібастұзымен» кездесті. Биыл Премьер-лигаға қайта оралуды алдына мақсат еткен «Шахтер» бұл жолы ойламаған жерден 2:2 есебіне қанағат білдірді. Нәтижесінде олар қатарынан екі мәрте тең түсуге мәжбүр болды.
Ойынның 39-минутында олардың қатарынан Арман Нүсіп пенальтиден есеп ашса, екібастұздық клубтан Даниял Кәкенов 45-минутта таразы басын теңестірді.
Ал Шадман Бәкіров 83-минутта «Екібастұзды» алға шығарса, қарағандылық футболшы Айдос Тәттібаев қорытынды есепті белгіледі.
Тағы бір ойында ақтаулық «Каспий» өз алаңында өскемендік «Алтайға» 1:2 есебімен есе жіберсе, алматылық «Хан тәңірі» Түркістан облысының «Жетісайын» 2:0 есебімен тізе бүктірді.
8 мамырда павлодарлық «Ертіс» алматылық AKAS клубын 2:0, «Түркістан» «Таразды» 1:0 есебімен жеңсе, «Ақтөбе-2» мен «Қайрат-2» (Алматы) 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Ал астаналық «SD Family» өз алаңында шымкенттік «Академия Оңтүстік» клубынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Еске салсақ, бұдан бұрын англиялық «Челси» Конференция лигасы финалына шықты.