Футболдан Еуропа чемпионаты: Дания 29 жылда алғаш рет 1/2 финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Дания құрамасы футболдан Еуропа чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі құрама бұған дейін 11 мәрте кездесті. Оның 3-де Чехия басым түсіп, 2-де Дания жеңсе, қалғанында тең есеп тіркелді.

Соңғы рет Чехия Данияны 2004 жылдың 27 маусымында Еуропа чемпионатының 1/4 финалында 3:0 есебімен жеңген болатын. Содан бергі алты кездесудің бесеуінде тең есеп тіркеліп, біреуінде Дания жеңіске жетті.

Бүгінгі кездесуде екеуінің де жеңіске жету мүмкіндігі бірдей болды. Дегенмен алғашқы екі голды даниялықтар соқты. Ойынның 5-минутында Томас Дилейни мергендік танытса, 42-минутта Каспер Дольберг есепті үстемелей түсті.

Екінші кезең басталғаннан чехтар алға қарай ұмтылды. Олардың қатарынан Патрик Щик 49-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ол – футболшының құрлықтық дода барысында соққан бесінші голы. Сұрмергендер көшінде осылайша португалдық Криштиану Роналдумен теңесті.

Нәтижесінде Дания қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын құрлықтық додада 1992 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Содан бергі уақытта жартылай финалға шыққан емес. Осылайша 29 жыл бұрынғы жетістігін қайталауға жақындап келеді.

Жартылай финал ойындары 6 және 7 шілде күндері өтеді. Алдымен 6 шілдеде Италия мен Испания шеберлік байқасады. Ал 7 шілдеде Украина мен Англия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Финал 11 шілдеде Англия астанасы Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өтеді.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum