Футболдан Қазақстан U-16 құрамасы UEFA Даму кубогын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкент қаласында өтіп жатқан турнирде отандастарымыз алғашқы ойында Пәкістан U-16 құрамасымен кездесті.
Ойынның алғашқы минутынан қазақстандық футболшылар басымдыққа ие болды. Ойынның 7-ші минутында Платон Шипицин пенальтиден есеп ашты. Шабуыл мен қорғанысты қатар ұштастырған Қазақстан құрамасы бірінші кезеңде Пәкістан қақпасына тағы үш гол соғып, айқын басымдыққа қол жеткізді. Әнуар Төленді, Давид Заречный мен Данияр Қаси көзге түсті.
Екінші таймның 88-ші минутында Пәкістан құрамасының ойыншысы бір гол салып есепті қысқартты. Отандастарымыз кездесу барысында 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Енді олар алдағы ойынын 27 сәуір күні 15:30-да Әзербайжан құрамасына қарсы өткізеді.
2026 жылдың сәуір айының соңы мен мамыр айының басында Шымкент пен Талғар қалаларында ұлдар мен қыздар арасында UEFA Даму турнирінің матчтары өтеді.
Айта кетсек, бұл турнир – бұл жасөспірімдер құрамаларына арналған, ойын тәжірибесін жинақтауға және жас футболшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған халықаралық бәсеке.
Қысқа мерзімді турнир аясында командалар ресми жарыстарға барынша жақын жағдайда бірнеше матч өткізеді. Бұл ойыншыларға халықаралық деңгейге бейімделуге және Еуропа чемпионаттарына дайындалуға көмектеседі.
UEFA осындай турнирлерді өткізуді Қазақстан футбол федерациясына бірінші рет сеніп тапсырып отырған жоқ. Шымкентте Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Пәкістан құрамаларының қатысуымен ұлдар (U-16) арасындағы матчтар өтеді. Талғарда Қазақстан, Израиль, Эстония және Өзбекстан құрамалары бақ сынайтын қыздар (U-16) арасындағы турнир ұйымдастырылады.
Еске салсақ, FIFA биылғы ӘЧ матчтары билеттерінің жаңа партиясын сатылымға шығарды.