Футбол: FIFA биылғы ӘЧ матчтары билеттерінің жаңа партиясын сатылымға шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының басталуына 50 күн қалғанда FIFA билеттерді сатудың соңғы кезеңін қайта бастады. Олар барлық 104 матчқа «кім бірінші үлгереді — билет соған» қағидаты бойынша сатылымға шығарылады, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

FIFA
Фото: mannattvpunjabi.com

Халықаралық футбол федерациясы 11 маусымнан бастап АҚШ, Мексика және Канадада өтетін матчтардің билеттерін сатудың соңғы кезеңі басталғанын жариялады.

FIFA мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін күтіліп отырған 6 миллионнан астам билеттің 5 миллионнан астамы сатылып кеткен. Сатылымда 1–3-санаттағы орындар, сондай-ақ нақты матчқа байланысты алаң жиегіндегі орындарға билеттер қолжетімді болады.

Ұйымның хабарлауынша, билеттер болған жағдайда олардың қосымша партиялары 19 шілдеде өтетін финалға дейін сатылымға шығарылып отырады.

Турнирдің баға саясаты бұған дейін сынға ұшыраған болатын. Америкалық заң шығарушылар тобы FIFA-ны билет бағасын төмендетуге шақырып, динамикалық баға белгілеу футбол матчтарын жанкүйерлер үшін қолжетімсіз етіп жатқанын мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде FIFA айнымалы баға белгілеу тетігін қолданатынын хабарлады. Бағалар сұраныс пен қолжетімділікке қарай автоматты түрде емес, қолмен түзетіледі.

Сонымен қатар желтоқсан айында бағасы 60 доллардан басталатын Supporter Entry Tier санатындағы билеттерге шектеулі квота енгізілген болатын. Олар қатысушы мүше қауымдастықтарға бөлінетін билеттердің жалпы санының шамамен 10 пайызын құрайды.

Билеттерді сату 22 сәуір, сәрсенбі күні ашылды.

Бұған дейін FIFA 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты финалына рекордтық баға белгілегені хабарланған еді. Ең қымбат билеттердің құны 10 990 долларға дейін жеткен.

Ал бұған дейін 2026 жылғы әлем чемпионатының билеттеріне сұраныс тым жоғары екенін жаздық.