Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан ширек финалға жолдама алды
Қазақстандық спортшылар бүгін 1/8 финалда Таиланд құрамасымен кездесті.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болды. Ал Венесуэламен 1:1 есебімен тең түсті.
Бүгінгі ойын барысында қазақстандық футзалшылардың басымдығы байқалып тұрды. Алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысқан олар көп ұзамай есеп ашты. Ойынның 3-минутында Дәурен Тұрсағұлов мергендік танытты. Одан кейін 4-минутта Дуглас қазақстандық құраманың басымдығын арттыра түсті. Бұдан кейін Чайват Джамграджанг 19-минутта автогол авторы атанды.
Екінші кезеңде 24-минутта Тайнан мен Дәурен Нұрғожин екі гол соғып кетті. Ал 32-минутта Арнольд Кнауб қарсыластар қақпасының торын бүлк еткізді. Ойынның 38-минутында қазақстандық қақпашы Игита қарсылас құраманың бос тұрған қақпасына гол соғып кетті.
Қазақстан қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті. Енді қазақстандықтар ширек финалда Өзбекстан және Иран жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Дәл қазір 1/8 финалдағы тағы бір кездесуде Аргентина Парагвайды 6:1 есебімен жеңді.
Айта кетсек, 22 қыркүйекте Ресей Вьетнамды, Марокко Венесуэланы 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шыққан болатын. Енді ертең, 24 қыркүйекте Өзбекстан мен Иран, Испания мен Чехия, Португалия мен Сербия құрамалары шеберлік байқасады.
Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.