Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы Словениямен кездеседі

Қазақстандық футзалшылар бүгін Словениямен шеберлік байқасады.
Кездесу елорда уақытымен 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, аталған топта елорда уақытымен 01.30-да Италия және Финляндия құрамалары кездеседі.
Словения ортанқол құраманың қатарында саналады. Қазірге дейін әлем чемпионаты финалдық кезеңінде бірде-бір мәрте бақ сынап көрген емес.
Еуропа чемпионатында 2003, 2010 жылдарда топтық кезеңнен аса алмаса, 2014, 2018 жылдарда 1/8 финалға дейін жетті.
Еске салсақ, қазақстандық құрама В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Италия, Словения және Финляндия.
Алдымен қазақстандық футзалшылар 20 қаңтарда Словениямен кездессе, 24 қаңтарда Финляндиямен, 28 қаңтарда Италиямен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, турнир Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында 19 қаңтар және 6 ақпан күндері өткізіледі.
Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы - 3, 2018 жылы 4-орын алды.
Еуропа чемпионатында 19 қаңтарда А тобындағы Португалия Сербиядан 4:2, Нидерланды Украинадан 3:2 есебімен басым түсті.