Футзалдан Қазақстан құрамасы екінші жолдастық кездесуде де Әзербайжанды жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ақтау қаласында Әзербайжанмен екінші жолдастық кездесуін өткізді.
ФИФА күнтізбесіне сәйкес отандастарымыз 5-15 сәуір аралығында оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Какау бастаған отандастарымыз оқу-жаттығу жиыны аясында Ақтау қаласында Әзербайжан құрамасымен 13 және 15 сәуір күндері екі жолдастық матчта шеберлік байқасты.
Отандастарымыз бүгінгі кездесу барысында белсенді ойын көрсетті. Олардың қатарынан Азат Валиуллин 14, Альберт Ақбалықов 17, 28, Дамир Қайырбай 33-минутта мергендік танытса, оған әзербайжандық құрамадан Ульви Алиев 15, Адалат Алакбаров 18-минутта екі голмен жауап қайырды.
Осылайша ұлттық құрама қарсыласын 4:2 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, екі құрама арасында 13 сәуірде өткен жолдастық кездесуде ел құрамасы қарсыласынан 9:2 есебімен басым түскен еді.
Қазақстан құрамасының тізімі
Қақпашылар: Лео Игита, Нарун Серіков («Ақтөбе»), Дәулет Затыбеков («Тұлпар»);
Алаңдағы ойыншылар: Эдсон, Біржан Оразов (екеуі – «Қайрат»), Арнольд Кнауб, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Ержан Карменов (екеуі – «Семей»), Азат Валиуллин («Аят»), Жахангир Рашит («Атырау»), Ақжол Дәрібай («Тұлпар»), Нұрсұлтан Таңатұлы, Дамир Қайырбай (екеуі – «Каспий»), Альберт Ақбалықов («Ақтөбе»), Ақеділ Мадияров («Байтерек»), Александр Дерябин («Тюмень», Ресей).
Айта кетсек, ел құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында өз тобында екінші орынды місе тұтты.
Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады. Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түссе, дәл сондай есеппен сырт алаңда Арменияға есе жіберді.
Одан кейін плей-офф сатысында отандастарымыз Италия құрамасына (2:1, 2:3, пенальтиден 0:1) жол берді.