Футзалдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Вьетнамнан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесуде Вьетнамнан жеңіліп қалды.

Жанкүйерлер бүгінгі ойынның басты фавориті ретінде Қазақстан құрамасына сенім білдірген еді.
FIFA рейтингінде қазақстандық футзалшылар жетінші орында тұрса, Вьетнам отыз бірінші орынға жайғасқан.
Соған қарамастан вьетнамдықтар жоғары деңгейде ойын көрсете білді. Олар 14-минутта есеп ашса, Ержан Карменов 32-минутта таразы басын теңестірді.
Ойынның соңғы екі минутында ел құрамасы өз қақпасынан үш гол алып шығуға мәжбүр болды. Оның біреуі 39-минутта қақпаға енсе, екеуі 40-минутта соғылды.
Кездесуде қазақстандық футзалшылар қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді олар аталған қарсыласымен 15 сәуірде тағы бір мәрте жолдастық кездесу өткізеді.
Айта кетсек, кездесуге дайындық 8 сәуірде Астанада басталды. Оған 14 ойыншы қатысты.
FIFA күнтізбесіне сәйкес ұлттық құрама 8-16 сәуір аралығында оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады.
Бұған дейін футзалдан Қазақстан құрамасы Вьетнаммен жолдастық кездесу өткізетінін жазған едік.