Г. Әбдіқалықова Жамбыл облысында құрылыс, химия, және АӨК мәселелеріне арналған жұмыс отырысын өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 7 қарашада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған делегация Жамбыл облысына жұмыс сапармен барады.
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ хабарлады.
Сапар барысында ҚР Білім және ғылым, Деңсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ, Жамбыл облысы әкімдігі және кәсіпкерлер палатасы басшыларының, сонымен қатар құрылыс, химия және агроөнеркәсіп компаниялары жетекшілерінің, өңірдегі колледждер өкілдерінің қатысуымен «Құрылыс, химия, және агроөнеркәсіп салалары жүйесін кәсіби және техникалық жаңғырту мәселелеріне» қатысты жұмыс отырысын өткізу жоспарлануда.
Кеңестің мақсаты - құрылыс, химиялық, агроөнеркәсіп салаларындағы компанияларды білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына сай реформалауға тарту және жұмыс берушілермен әріптестік байланыстар орнату. Сондай-ақ, отырыс шеңберінде Жамбыл облысының химиялық жобаларын кадрлармен қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізетін топтар құру мәселесі де талқыланады.
Қатысушылар елдің ұлттық химиялық кластерінің дамуы, өңірдегі қазіргі еңбек нарығының талаптары, облыс компаниялары үшін білікті кадрлар қажеттілігі, олардың білім беру нарықтарымен әріптестік мүмкіндігі жайлы пікір-ұсыныстарын ортаға салады.