G20-ның Қытайдан басқа елдері жаһандық теңгерімсіздікті азайтуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Сейсенбі күні Қытайдан басқа «Үлкен жиырмалық» елдерінің қаржы ведомстволары басшылары жаһандық сауда теңгерімсіздігін азайту үшін нарықтық емес шаралардан бас тартудың маңыздылығына қатысты ортақ пікірге келді. Бұл туралы Kyodo News жазды.
– Біз елдер теңгерімсіздікті күшейтетін нарықтық емес саясат пен тәжірибені жою үшін шаралар қабылдауы керек деген пікірдеміз, – делінген Солтүстік Каролина штатының Ашвилл қаласында өткен екі күндік кездесудің қорытындысы бойынша жасалған G20 төрағасының мәлімдемесінде.
Мәлімдемеге сәйкес, қаржы министрлері мен орталық банк басшылары, әсіресе сыртқы секторда шамадан тыс әрі ұзақ уақыт бойы профицит қалыптасқан елдер «ішкі тұтынуды шектейтін және экономикалық өсімнің экспортқа шамадан тыс тәуелді болуына әкелетін бұрмалаушылықтарды жоюы тиіс» екенін растады.
G20 елдерінің қаржы басшылары валюта бағамдары экономиканың іргелі көрсеткіштерін көрсетуі тиіс деген ұстанымға адалдығын білдірді.
Кездесу әлемнің көптеген үкіметі ұзақмерзімді облигациялардың кірістілігін бақылауға тырысып жатқан және АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының жақын арада аяқталатынына қатысты айқын белгі байқалмаған тұста өтті.
– Жылдамдыққа келсек, біз белгісіздікке аз уақыт жұмсалып, инвестицияға, экономикалық өсімге және нарықтарға қол жеткізуге көбірек көңіл бөлінгенін қалаймыз, – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент дамушы экономикалардағы мемлекеттік қарыз мәселесіне арналған сессияның ашылуында.
Ақпан айының соңында АҚШ пен Израиль бастаған соғыс әлемдік энергия бағасының өсуіне және жеткізу тізбегінің бұзылуына әкелді. Соның салдарынан инфляция қайта үдей бастады, ал саясаткерлер мен инвесторлар қарыз алу құнының өсуіне алаңдап отыр.
Әлемдік облигациялар нарығындағы сатылым да күшейді. Сейсенбі күні Жапонияның 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 1996 жылдан бері алғаш рет 3 пайызға жетті.
G20 қаржы министрлерінің кездесуі АҚШ Президенті Дональд Трамп желтоқсанда Флоридада өткізетін саммитке дайындық аясында ұйымдастырылды. Трамп саммитте АҚШ экономикасының қуатын көрсетуді көздеп отыр.
Талқылаудың екінші күні қаржы ведомстволарының басшылары жаһандық сауда теңгерімсіздігі мәселесін, соның ішінде Қытайдағы өндірістік қуаттың бұрыннан қалыптасқан артық көлемін қарастырды.
Алайда Қытай қомақты мемлекеттік субсидия алатын компаниялардың арзан тауарларымен әлемдік нарықты толтырып жатыр деген Батыс елдерінің сынын үнемі жоққа шығарып келеді.
Бастапқыда АҚШ екі күндік келіссөздерден кейін бірлескен коммюнике жариялауды жоспарлаған.
Алайда Бессенттің айтуынша, Қытайдың қарсылығына байланысты тараптар жаһандық экономикалық теңгерімсіздікке қатысты тұжырым бойынша ортақ келісімге келе алмады.
Еске сала кетсек, былтыр күзде Трамп 2026 жылы Майами қаласында G20 саммиті өтетінін мәлімдеген. Сондай-ақ 25 тамыз күні Астанаға келген АҚШ конгрессмені Джейсон Смит Трамптың Тоқаевты G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін жеткізді.