Трамп: 2026 жылы Майами қаласында G20 саммиті өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өтеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

— АҚШ шамамен соңғы 20 жылда алғаш рет G20 саммитін өз аумағында өткізу мәртебесіне ие болды. Біз бұл саммитті елдегі ең керемет қалалардың бірі — әсем Майамида, Флорида штатында өткізетін боламыз, — деді Трамп Ақ үйде журналистер сұрағына жауап бере отырып.
G20 1999 жылғы 15–16 желтоқсанда Берлинде өткен конференцияда құрылды. Бұл бастамаға өнеркәсібі дамыған жеті мемлекеттің — Ұлыбритания, Италия, Канада, АҚШ, Франция, Германия және Жапонияның — қаржы министрлері мұрындық болған. Топтың басты мақсаты — жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде шешімдер әзірлеу процесіне ірі дамушы елдерді тарту болған.
G20 мүшелері — 19 мемлекет (негізін қалаушы елдермен бірге Аустралия, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Индонезия, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы және Корея Республикасы), сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Африка Одағы.
Осыдан бұрын Дональд Трамп америкалық кәсіпкер әрі миллиардер Илон Масктың Республикалық партияға оралудан басқа амалы жоқ екенін мәлімдеді.