Гаагада көшелердің жабылуы қазақстандықтардың референдумда дауыс беруіне кедергі келтірген жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Гаагада Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі елшілігінде орналасқан № 446 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform-ның ЕО-дағы меншікті тілшісі.
Дауыс беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де басталды.
Гаагада өтіп жатқан ауқымды спорттық іс-шара – жыл сайын ондаған мың қатысушыны жинап, бірқатар орталық көшенің уақытша жабылуына себеп болатын NN City-Pier-City мерейтойлық жүгіруіне қарамастан қазақстандықтар таңнан бастап сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге уақыт тауып отыр.

Дауыс берушілердің айтуынша, референдумға қатысу елдің одан әрі дамуына үлес қосу және оның болашағын қалыптастырудың маңызды мүмкіндігі.
Гаагадағы сайлау учаскесіне бүгін 120-дан астам Қазақстан азаматы келеді деп шамаланып отыр. Олардың арасында қазақ диаспорасының өкілдері, студенттер, қазақстандық дипломаттар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Нидерландта уақытша тұрып жатқан Қазақстан азаматтары бар.
№ 446 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Осыған дейін Қазақстан жастары Әзербайжанда да белсенді дауыс беріп жатқаны туралы жаздық.