Ғаламторда араб тілінде Қазақстан туралы электрондық кітаптар жарық көрді
АБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігінде Елшілігі интернет пайдаланушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен таныстыру мақсатында қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде www.kazakhstan.ae жаңа веб-сайтын ашты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның Абу-Дабидегі тілшісі Арнұр Рахымбеков хабарлайды.
Ғаламтордағы электрондық кітапханадан араб тіліне аударылған Мемлекет Басшымыздың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары, «Қазақстандық жол» кітабы, «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» және «Еуропадағы қауіпсіздік пен қауіпсіздік ұйымының тағдыры мен болашағы» мақалаларын тауып алуға болады.
Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығын мерекелеуге, сондай-ақ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезін өткізуге дайындық шаралары аясында араб оқырмандарының назарына Елбасымыздың «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» сандық кітабын, «Қазақстан - көпэтносты ел» журналды, «Нұрсұлтан Назарбаев - ұлтаралық және дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» атты кітапты ұсынады.
Араб елдеріндегі қалың оқырмандар онлайн желісінде түрлі-түсті безендірілген «Бүгінгі Қазақстан» мен «Астана - Қазақстанның ірі басқару және инновациялық орталығы» атты арабша кітаптарды да оқи алады.