Ғаламторда қазақтың салт-дәстүрін үгіттеп, қазақы иісті аңқытуымыз керек - Ақытбек Шеризатұлы
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі ақпараттық технологиялаp дәуірінде бүкіл дүниені бір терезеде тұтастырған, бақылауға көне бермейтін ғаламтор деген өзінше бір әлем бар. Жаһанды жаулаған сол ғаламторды дұрыстап игерсек, игілігі көп-ақ, алайда, әзірге ол қолдан келмей тұр.
Біздің барып жүргеніміз ғаламтор әлемінің бергі беті ғана секілді. Бүгінде теледидар мен мерзімді басылымдардың өзін ығыстыра бастаған ғаламтор саласынан қазақтың да алар үлесі көп. Статистика агенттігінің мәліметінше, қазір еліміздегі интернет желісін пайдаланушылар саны 9 миллионға жуықтады. Әлеуметтік желіні қолданушылар бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Кезінде компьютер пернелерін қорқа-қорқа басатын аға буын өкілдері бүгінде блог жүргізетін деңгейге жетті. Ал жастар виртуалды әлемсіз мына өмірді елестете алмайды. Алайда біз осы салада «кімдердің өнімін пайдаланып жүрміз?», «Ғаламтордан қазақтың иісі шыға ма?» деген сауалдар төңірегінде осы саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген азаматтардың бірі, Қытайдағы танымал «Сен - қазақ» сайтының жетекшісі Ақытбек Шеризатұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.
- Қазақтың ғаламтор саласындағы бүгінгі жетістігін қалай бағалайсыз?
- Меніңше қазақ ғаламторы тек ақпараттық салада ғана ақырындап дамып келеді, ғаламтор саласындағы мықты өнімдерді өзіміз зерттеп, я болмаса елдікін өз ұлтымыз үшін қызмет еткізуге енді ғана беттеп барамыз. Қазір негізінен танымдық портал, одан қалса форум, ән-күй тыңдау сол секілді негіздік қажетті сайттардан әрі асып кетті деп айта алмаймын. Әр салаға бағытталған ғаламтордағы мазмұндар кемшін. Алайда біз бұл салаға енді ғана ден қоя бастадық қой. Барлығы болашақтың еншісінде. Қазірдің өзінде әлемдік деңгейде құрылған мықты сайт жобалары да белең бере бастады. Өз көз алдымызда есейген Қытайдың ғаламтор саласы да әлемдегі басқа елдердің озық жобаларын өз жағдайына сәйкестендіріп дамытқан. Қазақ ғаламторының да болашағы нұрлы деп білемін. Бұл салаға шынында мамандар қатты қажет, оларды мақсатты түрде тәрбиелеу керек. Ғаламтор - ойын ойнаған сияқты қызықты сала, бұл «ойынға» құмарлар өте көп, соларға жағдай жасау қажет.
- Өзге ұлттармен салыстырғанда қаншалықты деңгейде жүзеге асырып отырмыз? Басты кемшілігіміз неде?
- Басында айттым ғой, біз ғаламтордың тек алғашқы сатысында ғана жүрміз. Себебі біздің сайттар коммерциялық қызметтерді әлі де көрсете алмай отыр. Әр түрлі нәпақалы кәсіп көздері ашылуы керек. Өзіміздің қазақ ұлтының сауда жүйесі, қазақ елінің сенімділік жүйесі орнау тиіс. Сонда ғана интернет екпінді дамиды да, елдің игілігіне жарайды. Интернетке үрке қарамау керек, ол әсте баланың ойыны емес.
Қазақ сайттарының мазмұны жұтаң да қайталанған, көшірме. Тек шекті көлемде ғана қызмет өтейді. Жылдамдығы ақырын. Біз қазірге дейін ұлттың символы болатындай марка жарата алмадық. Сондықтан тұтынушылар басқа тілді сайттарды пайдалануға мәжбүр. Қазақ тілді ғаламтордың тұтынушыларын бір арнаға жинауға күш салуымыз керек. Еңбектене отырып, ұлттың символы болатындай іздеген нәрсең табылатын кемелді yahoo, google секілді порталдар жасап шығуымыз керек.
- Жаһандану дәуірінде қазақ ұлтының ғаламтордағы өзіндік бет бейнесін қалай қалыптастыра аламыз?
- Жаһандану - ұлттың тілін құртумен қатар, ондағы сенім мен ділге де қатар қатер төндіріп отыр. Бұған ғаламтор таптырмас құрал болды. Басқа елдерден келетін адам білмейтін ғаламторлық сана апатына қарсы тұру үшін, сол вирусқа қарсы қоятын антивирусымыз болуы қажет. Ол қазақтың ұшан-теңіз рухани байлығын, өлең-жыр, роман жазбаларын, ән-күйлерін, киноларын, алтын қордағы барлық байлықты ғаламторға ашық әрі тегін тарқату, ғаламторға қазақы иісті аңқыту, сонымен қатар, ғаламторлық қазақы жаргондар қалыптастыру әрі интернетте қолданылатын терминдерді бір арнаға түсіруіміз керек. Міне, бағытымыз айқын болып, ұлттық тұтастық үшін ғаламторды қызмет еткізіп, ортақ ақпараттық кеңістік жасау, ортақ ұлттық сезім қалыптастыруымыз ләзім.
Қазақ интернеті қазір ең жауапты кезеңде тұр. Жаһандану үрдісіне ұшыраған қазақ мәдениеті енді ғаламтордан өз орнын таба алмаса, келесі ұрпақ ғаламтордан өзге ұлт идеологиясын қабылдап өседі, сонымен қаруланады, нағыз мәңгүрттік - сол.
Меніңше, қазір дүние үшке бөлінді: бұ дүние, о дүние, енді ғаламтор дүниесі қосылып отыр. Адам ғұмырының тағы бір бөлегі болған осы ғаламтор дүниесінде де қазақтың өз орны болуы керек. Егер ғаламторда да басқа елдерге бұғауланып, отарлансақ. Оның салдарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Мейлі ғаламтор адамзат қоғамына апат ала келсін, оны қабылдамасқа шарасызбыз. Ғаламтор бұрыннан қалыптасқан ұғым бойынша ойын баласының жұмысы мен ермегі болып келсе, енді ол бұл күндері идеология кеңістігі, ұлт мәдениеттерінің бірін-бірі жұтатын, дамытатын да тоғыстыратын ыс-түтексіз соғыс алаңына айналды.
- Ақпарат саласында «ақпараттық қауіпсіздік» деген ұғым бар. Біздің сайт қырандарымыз немесе сайттарымыз сырттан келетін хакерлерге қаншалықты дайын? Осыған қалай төтеп бере аламыз?
- Өз басым, ата жұртымыздың ол саладағы мамандық қосыны қаншалық екенінен хабарым жоқ. Себебі сырттан келетін хакерлер ешқашан айтып келмейді де оған қарсы тұратын команданы да жай адам байқай бермейді. Мен өзім де ол саладан хабарым жоқ.
Қытай елінде «тексеріп, зерттемеген, пікір беру құқығы жоқ» деген нақыл бар, артық білгірсігім келмейді, әйтеу ғаламтор әлемінде айқас өрті толастамайтын түрі бар. Бұған төтеп беру үшін тағы да сол қосын керек, маман керек . Ұлтшыл жастардан құрама тапқан қытай елінің ғаламтордағы «қызыл армиясы» сияқты қазақ сарбаздарын жасақтау кезек күттірмейтін маңызды мәселе.
Айта берсек, қызық көп, қытай елінде арнаулы қаржыландырылған Hackker-лер басқа елдердің ғаламтор хакерлерімен қақтығысып жатады, ол өз алдына бөлек әңгіме.
- Қытай қазақтарының интернет саласы қалай бастау алды? Қазіргі деңгейі қалай?
- Қытайдағы қазақ тілді сайттар 1998 жылдардан бастау алды. Алғашында араб қарпін интернетте дұрыс көрсету қиындық тудырғандықтан, тұңғыш рет латын қарпымен шығатын қазақ тілді «Ауыл» атты сайт өмірге келді. Сайттың бірнеше жүз ғана тұтынушысы болуына қарамастан, ол Қытайдағы қазақ ғаламторының бір сатысы ретінде тарихта қалды.
Компьютер ғылымының, интернеттің дамуына орай, араб қарпіндегі қазақ төте жазуын ғаламторда дұрыс көрсете алатын болдық. Жауыннан кейінгі жауқазындай лап етіп өсуге бет алған Қытайдағы қазақ тілді сайттар 2005 жылдарда керемет дамуды бастады. Қазір, Құдайға шүкір, мемілекеттік сайттардан бөлек, 40 тан астам танымал жеке сайттар қызмет етеді.
- Өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Сен - қазақ» Қытайдағы танымал сайттардың бірі екен. Сайттың бағыты қандай?
- «Сен - қазақ» сайты негізінен ашық форум және кемелді әдеби мәдени танымдық портал. Мақсатымыз бір, мұратымыз ортақ, ол - қазақ мүддесін қорғау, қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін үлес қосу. Одан да маңыздысы ұлт болашағы үшін, ғаламтордан пайдалана отырып «көзқарас» жинау, өз ойламы бар, болашақ қазақ көшін жетектейтін ұландарды тәрбиелеу, ортақ ақпараттық кеңістік жарату, ортақ ұлттық сезім қалыптастру үшін еді.
Сайтымыздың ұраны «Сен - қазақсың, саналысың, сабырлысың, азатсың!», деп жазылған. Бұны қайталай түсіндірудің қажеті шамалы, қазақтың санасын оятып, дәстүрін дәріптеп, қайғы-мұңымен бөліссек деген арман бізді адастырмай алға сүйреп келеді. Сан мыңдаған оқырмандарымыз бізді қолдап қуаттап отыр, себебі «Сен - қазақ» сайты әрдайым ашық пікірталас ортасы, онда әркім өз шығармашылығын шыңдайды, ойын дамытады. Қазір сайттан неше мыңдаған тамаша құнды төл туындылар мен классиктердің шығармаларын, тағы көптеген деректерді таба аласыз. Қытай елін түсінгісі келген әр қазақ төте жазуды таныса болды, біраз мәліметтерге ие болады. Сайттың 26 мыңнан астам тұрақты тіркелген мүшесі бар, күндік көрілімі 15 мыңға жетіп тұр.
- Қазақ елі ұйымдастырған «Қазақ блоггерлер құрылтайында» қазақтың өзіндік хабарласу құралы LKK туралы айттыңыз. Осыған тоқтала кетсеңіз...
- LKK - Лездік қабарласу құралы деген сөздің қысқаша атауы. Менің бұл жобам, бейне qq, агенті сияқты, әрі өз ұлтымыздың болмысына жақындастырып жасалады. Мақсатым осы құрал арқылы шашырап жүрген қазақтарды бір арнаға жинау, рухани тұтастығымызды сақтау, басқаларға рухани бодан болудан сақтауға тамшыдай болсын үлес қосу.
- Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.
- Мен 1978 жылы ҚХР ШҰР да туылдым. Мектепті қазақ тілінде оқыдым. 2004 жылы Қытайдың Шандұң өлкесінде Industrial Design мамандығы бойынша жоғары мектепті бітірдім.
Әрине менің ғаламторға деген құштарлығым сонау 1998-жылдардан бастау алды . Ол кезде Қытай тілді ғаламтор мәдениеті енді белең бере бастаған еді. Мен сол қытай тілді сайттармен жағаласып өстім. Сол кезде қазақ тілді сайт құруды армандайтын едім.
Жоғары оқу орнын бітіргесін, өз мамандығым бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі болмады. Үрімжі қаласында бизнес жолына түстім. ТМД елдерімен сауда-саттық жасадым. Жеке бизнесімді дөңгелете жүріп, өзім басқаратын осы «Сен - қазақ» сайтында жанкүйерлеріммен бірге жетілдіріп отырдым. Осы барыста ғаламтор да менің өмірімнің бір бөлегіне айналды.
- Сұхбатыңызға рақмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.