Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ғалымдар жаңа буын антибиотиктерін іздеуге арналған технология әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей ғалымдары жаңа буын антибиотиктерін іздеуді жеделдететін және дәріге төзімді бактерияларға қарсы тиімді заттарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа тест жүйесін әзірледі, деп хабарлайды BRICS TV.

Австралийские ученые создали сплав, который вдвое прочнее стали
Коллаж: Kazinform / Viafuture.ru / Pexels

Мәліметке сәйкес, Сколково ғылым және технологиялар институтының (Сколтех) және өзге де ғылыми орталықтардың зерттеушілері антибиотиктерді іздеуге арналған жетілдірілген жүйе жасаған. Ол грамтеріс бактерияларда, соның ішінде қауіпті көк ірің таяқшасында РНҚ синтезін бұзатын заттарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа технология перспективалы қосылыстарды іріктеумен қатар, олардың әсер ету механизмін де анықтай алады. Бұл препараттарды әрі қарай зерттеу мен оларды химиялық тұрғыдан жетілдіру үшін маңызды.

– Заттың әсер ету механизмін білу оның қалай жұмыс істейтінін жан-жақты зерттеуге және қажет болған жағдайда химиялық құрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді зерттеу жұмысының ғылыми жетекшісі, Сколтехтің био- және медициналық технологиялар орталығының аға оқытушысы Дмитрий Лукьянов.

Зерттеудің алғашқы авторы, биолог Антон Иззи жаңа жүйенің жұмыс істеу қағидатын түсіндірді.

– Біздің репортерлық жүйе антибиотиктің әсер ету механизмін анықтайды. Егер ол рибосомаларға әсер етсе, мұны көрсетеді. ДНҚ синтезіне әсер етсе, оны да анықтайды. Енді бұл мүмкіндік кеңейтіліп, жүйе РНҚ синтезіне ықпал ететін антибиотиктерді де анықтай алады, – деді ол.

Әзірлеменің негізіне зертханалық ішек таяқшасының штамы алынған. Оның геномындағы арнайы ген РНҚ синтезі бұзылған кезде белсендіріледі. Ғалымдар бұл өзгерістерді ПТР-тест арқылы бақылайды.

Зерттеушілердің айтуынша, жаңа әдіс антибиотиктерді әзірлеудің бастапқы кезеңіндегі зерттеу уақытын едәуір қысқартады. Бұған дейін мұндай жұмыстар кезінде молекулалардың құрылымын талдап, ықтимал нысандарды болжап, қосымша тәжірибелер жүргізу қажет болатын.

Мамандар бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі дәрілерді ұзақ уақыт және бақылаусыз қолдану салдарынан артып келе жатқанын атап өтті. Соңғы онжылдықтарда көк ірің таяқшасы мен алтын түсті стафилококк сияқты микроорганизмдер көптеген антибиотиктерге төзімділік қалыптастырған.

Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми журналда жарияланды.

Айта кетейік, Ғалымдар молекулаларды танитын нейрожелі жасады.